Биыл Шымкентте 608 адамды кене шағып, дәрігерге жүгінген

32

Биыл Шымкентте кене шағып, Конго-Қырым қанды қызбасын жұқтырған 1 адам тіркелді. Науқастың жағдайы жақсы. Дер кезінде ем алып, үйіне шыққан. Жалпы жыл басынан бері қаламызда 608 адам кене шағып, дәрігерге жүгініпті. 

Шымкентте жыл басынан бері Конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырған 1 адам тіркелді. 39 жастағы азамат Түркістан облысының тұрғыны. Биыл 608 адамды кене шаққан. Мұндай жағдайдан сақтану үшін қалада залалсыздандыру жұмыстары басталды.

Аманқұл Әбдішов, ветеринар: «Қазіргі таңда 2 кезең бойынша сұйықтықтарды шашып жатырмыз. Қоражайларды уақытылы залалсыздандырып жатырмыз. Біздің жұмысымыз таңғы 6 – дан басталады. Себебі ауылда малдарды қорадан ерте шығарып, өздері жұмысқа ерте кетіп қалады. Сол үшін ерте бастаймыз».

Көктемгі уақытта 11 елді мекенде қансорғыш паразитке қарсы өңдеу жұмысы жүргізілді. Сондықтан мамандар биыл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда аз болды деп отыр.

Балкүміс Мұсаева, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы: «Конго-Қырым қызбасы өздеріңіз білесіздер өте жұқпалы ауру. Тез жұғып кететін қауіпті ауру болғандықтан өңдеу жұмысын жасап жатырмыз. Статистикаға жүгінетін болсақ, биыл 608 кене шағу тіркелді. Ал өткен жылы 747 кене шағу жағдайы анықталып еді. Көрсеткіш төмендеген».

Ал ауыл шаруашылығы басқармасы энзоотиялық ауруларға қарсы жоспарлы түрде жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Биыл 2 млн. шаршы метрге жуық қора залалсыздандырылып, 95 мың бас қара малға бүрку жүргізіледі. Сонымен қатар 88 мың уақ малды тоғыту жоспарланып отыр.

Қанат Рашит, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы: «Міне, екінші кезең басталды. Жоспарға сәйкес жүргізілетін болады. Энзоотиялық ауруларға қарсы бізде ҚР аумағында рұқсат етілген дизицип пен дельтаметрин ұнтағымен залалсыздандыру жұмысын жүргізетін боламыз».

Айта кетейік, өңдеу жұмыстарына 6 автокөлік, 18 дезинсектордан тұратын 6 бригада жұмылдырылды.