Дүкенге келушінің ыңғайсыз қозғалысының салдарынан сөрелерде тұрған тауарларды сындырып немесе бүлдіріп алатын жағдайлар кездеседі. Осы кезде көптеген сұрақтар туындайды. Дүкен басшылығы шығынды талап етуге құқылы ма?
Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, негізі бөлшек сауда шартының нысаны бойынша сатып алу — тауарды ақысын төлеп, чек берілген соң ғана шарт орындалған болып есептеледі. Әлі сатып алмаған тауарды абайсызда бүлдіріп алсаңыз, демек оның ақысын төлемеуге құқыңыз бар. Өйткені тауар дүкенде тұрып, сатып алу-сату шарты жасалмаған кезде оған сатушының өзі жауапты.
«Мәселен, дүкеннің едені су болып, кенеттен аяғыңыз тайып кеткен соң тауарды қолыңыздан түсіріп алдыңыз және оған зақым келді делік. Мұндай жағдайда су еденді телефоныңыздың видеокамерасына түсіріп алыңыз. Егер сатушы сізден тауардың құнын талап етіп, сотқа арызданатын болса, сізге осы бейнежазба дәлел бола алады»,-деді заңгер.
Бірақ тауарларға әдейі, қасақана зақым келтірсеңіз, оның құнын төлеуге міндеттісіз. Себебі сатушы сотқа арызданып, кінәлі екеніңізді дәлелдесе, толық өтеп беруге тура келеді. Сол үшін дүкендерге кірген кезде, ұқыпты болайық!