Гүл сатушыны балағаттаған «прокурордың ұлы» елден кешірім сұрады

745

Скрин: Шымкент қ. ПД Facebook ресми парақшасы, t.me/kozachkow 

Шымкентте гүл сататын дүкен сатушысына былапыт сөздер айтып, үстел үстіндегі қайшымен шабуыл жасамақ болған ер адам жұртшылықтан кешірім сұрады. Бұған дейін желіде оның прокурордың баласы екені туралы ақпарат тараған болатын.

Ер адамның кешірім сұраған видеосын @kozachkov Telegram-каналы жариялады. Оның айтуынша, Шымкент тұрғыны масаң күйде болғандықтан осындай теріс әрекетке барған.

«8 тамызда түнгі сағат 3-тер шамасында Romantic сауда дүкеніне барып, гүл алып, мас болып балағаттаным рас. Бүкіл қазақ елінен кешірім сұраймын. Мен ешқандай да прокурордың баласы емеспін, туыстарым да прокуратурада істемейді. Әкемнің қайтыс болғанына 32 жыл болды, анам – зейнеткер»,-дейді Шымкент тұрғыны.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде «прокурордың ұлы» делінген ер азаматтың гүл сататын дүкен алдында дәрет сындырып, сондай-ақ сатушыға боқ ауыз сөздерді қарша боратқан сәтінің видеосы тарады. Бұдан өзге ашуға булыққан ер адам үстел үстінде тұрған қайшыны алып, сатушыға шабуылдамақ болады.

Скрин: Шымкент қ. ПД Facebook ресми парақшасы 

Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер видеодағы ер адамның үстінен ешқандай арыз түспесе де әкімшілік хаттама толтырылғанын, сот қаулысымен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес «ұсақ бұзақылық» 7 тәулікке қамауға алынғанын ресми хабарлады.

Кейінірек ведомствоның Facebook парақшасында бұзақылық жасаған адам туралы ақпарат жария етілді. 8 тамызда болған жайт бойынша қазақ елінен кешірім сұраған тұрғын әкесі өмірден озғанына 32 жыл болғанын айтса, ал полиция хабарламасында оның әкесі зейнеткер екені және Бәйдібек ауданында тұратыны жазылған.

Айта кетейік, әкімшілік қамауға алынған азамат 1990 жылы дүниеге келген Түркістан облысының тумасы екен. Бүгінде Шымкент қаласында тұрады.

Скрин: Шымкент қ. ПД Facebook ресми парақшасы 

Әлеуметтік желіде дәл осы гүл сататын дүкенде болған тағы бір оқиғаның видеосы тарады. Онда белгісіз екі ер азамат сатушыға келіп, қоқан-лоққы көрсету арқылы гүл шоғын алып кетеді. Ер адамның бірі сатушыны соққыға жыққаны анық көрінеді.

Полиция мәліметінше, бұл жайт 8 мамырда болған.

Скрин: Шымкент қ. ПД Facebook ресми парақшасы 

«Екінші видеода басқа адам бейнеленген. Атап айтқанда, 1989 жылы туған Б. есімді азамат. Әкесі жоқ, анасы — зейнеткер. Ағымдағы жылдың 8 мамырында ер адам флористті қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар бардыі. Алайда дүкен иесі мән-жайды анықтау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартты» делінген полиция мәліметінде. 

Демек, полиция дерегінше екі оқиға бойынша да ешқандай арыз түспеген. Алайда оның біреуіне қатысты  әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушы жауапқа тартылып отыр. Ал 8 мамырда сатушыны соққыға жыққан адам жауапқа тартыла ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз…