Гүл сатушыны ұрған экс-полицейдің жанындағы шенеунік қызметінен кетті

228

Шымкентте гүл сатушыны ұрып, гүл шоғын тартып алып кеткен экс-полицей Мұхтар Бековтың жанында болған Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды қызметінен босатылды.

Шенеунікке кеше «қатаң сөгіс» жарияланған еді. Ал бүгін оның өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болды.

Шәкір Сұлтанхан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы:
«Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылығы тарапынан қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізу арқылы  қолданылған тәртіптік жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкестігі тұрғысынан зерделеу қажеттігі туралы тапсырма берілді. Алайда қазіргі уақытта Д.Елқонды өзінің өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оған мемлекеттік қызметті өз еркімен тоқтатуға кедергілер болмаған».

Еске салсақ, Шымкенттегі гүл дүкенінде тәртіп сақшысы сатушыны соққыға жығып, гүл шоғын ашықтан-ашық тартып алып кеткен болатын. ІІМ оның ішкі істер саласының бұрынғы қызметкері екенін, 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан босатылғанын хабарлады. Ал гүл дүкеніндегі оқиға 8 мамырда болған.

Сауда орнындағы даулы жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Флорист жігітті соққыға жыққан полицейдің қасында тағы бір ер адам болған. Ол салық органының лауазымды қызметкері болып шықты.