Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Ауданның кәсіпкерлері аталған мәселелердің шешілуіне біркісідей атсалысуда. Аудан кәсіпкерлері әлеуметтік нысандар салып берсе, енді бірі көпір жөндеп, тағы бір жол жөндеу жұмыстарын атқаруда. Мұның барлығы да ауданның дамуына қосқан үлестері екені анық.
Жуырда Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов өзінің іс жоспарына сай Қазығұрт және Тұрбат ауыл округтеріне арнайы іссапармен барды. Алдымен Қазығұрт елді мекеніндегі «Шығыс» мөлтек ауданының 250 гектар аумағына инженерлік коммуникация жүйелерінің құрылысы барысын көрді. Одан соң Тұрбат ауыл округі Қызылдихан елді мекеніне ат басын бұрып, «Қызылдихан ауылын сумен жабдықтауды қайта құру құрылысы» нысанына және «КХКZ-2 КХ-48 «Қазығұрт — Тұрбат» аудандық маңызы бар автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары барысымен танысты. Сондай-ақ, Тұрбат ауыл округі Өндіріс елді мекеніндегі Атамекен, Бастау, Кенжеғұлов, А.Мұратов, Достық, Көктем, А.Тұрсынқұлов, Байтемірұлы көшелерін орта жөндеуден өткізу жұмыстарын көріп, құрылыс басында мердігер мекеме басшыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Ауыл халқы көшелерінің жөнделгеніне риза. Шаңы аспанға атып жататын жолдар жауын шашын мол түсетін мезгілдерде әбден әбігерге салатын. Ауыз тұрғындары тақтайдай түзу жол салып бергені үшін аудан әкіміне де кәсіпкерлерге де алғыстарын жаудырды.