Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді

42

Бүгінде Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Жыл сайын жеке кәсібін бастап, ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамтып отырғандардың қатары артып келеді. Оған бір шетінен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдаулар, ұлттық жобалардың да көп септігі тиюде.

Дәл қазіргі уақытта өңірде аудан әкімдерінің халықпен кездесулері жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Аудан әкімінің арнайы өткізген жиынында ауыл халқы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алуда. Көптің көкейіндегі сауалдардың басым бөлігі жеке кәсіп ашу, мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетіндігі жайында болып отыр.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың үшінші тоқсандағы кезекті халықпен жүздесу жиыны Тұрбат ауыл округі Еңбек елді мекенінде және Шарбұлақ ауыл округі орталығында болып өтті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органы басшылары, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Аудан әкімінің халықпен кездесу жиыны барысында елді мекен тұрғындары тарапынан кәсіпкерлікті дамытудан бөлек, ауыз су, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу және жол кедергісін орнату, құрылыс нысандары және басқа да мәселелер төңірегінде сұрақтар мен өтініштер айтылды. Ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға аудан әкімі Азизхан Азимханұлы заң аясында толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, барша мәселенің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтып өтті.

Аталған ауыл округі тұрғындары көкейлеріндегі барша сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алып, ауыл ақсақалдары аудан әкімі мен барша қызметкерлерге ел атынан алғыстарын білдірді.