Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлік саласының дамуына тікелей ықпал етіп отыр. Бүгінде ауданда жеке кәсібін бастап, ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің де ықпалы зор.
Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылының тұрғыны, алты баланың анасы Мая Ақбаева өз ісін бастап, табысын арттыруда. Көпбалалы ана 2023 жылдың басында «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған. Сәуір айында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік грантқа өтініш білдіреді. Алдымен кәсіптің қай түрімен айналысуды ұзақ ойланғанын айтады. Ол үшін нарықты зерттеп, сұранысқа ие тауар өндірген жөн деген шешімге келеді.
«Гипстен қазақи нақыштағы декоративті вазалар, жинақтау қобдишаларын, фоторамкалар, тойбастар бұйымдарын жасау» бизнес-жоспарын комиссия отырысында қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болған. Гранттан бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз кәсібін бастайды.
Қазіргі таңда Мая Ақбаева өз кәсібін дөңгелетіп, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде аталған тауарлар аса сұранысқа ие. Әсіресе жаз басталғалы бері той маусымы қызып тұр. Тойкәдесі мен тойбастарға арналған заттардың жерде қалмайтыны анық. Арнайы тапсырыс беріп, сатып алатындардың қатары артып отыр.
Одан бөлек, қазақы ою-өрнек салынған ұлттық нақыштағы киіз үй, түйе, торсық, асық өнімдеріне де сұраныс зор. Шетелдіктерге кәдесый ретінде ұсынуға таптырмайтын зат расында әдемі жасалынған. Одан бөлек, құмыра бұйымдары бүгінгі сәндік дизайнмен жасалынған. Нағыз шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Заманауи сұранысқа сай өнім өндіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта шеберханасын ұлғайту жоспарында бар. Жұмыс ауқымы кеңейген соң әрине ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуды да ойластырып отыр. Шалғай шеттегі ауылда қарапайым ғана кәсіппен айналысып отырған көпбалалы ананың ісі көпке үлгі.