Сот үкімімен тағайындалған жазаны орындамағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Арыс аудандық сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 300-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жылына 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылған.
Сот үкімі заңды күшіне еніп, орындауға жолданған. Арыс қалалық пробация қызметі бөлімімен сотталған Б.-ға ҚК-нің 44-бабы, ҚАК-нің 10-11, 66-68-баптарының талаптары мен жаза өтеу шарттары толық түсіндіріліп, қолхат пен түсініктеме алынған.
Алайда, сотталған Б. Сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартатынын, осылайша сот үкімін орындамайтынын айтып, бұл жөнінде жазып берген.
Осыған байланысты Пробация бөлімі сотқа ұсыныс түсіріп, сотталғанға тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұранған.
Сот отырысында сотталған Б. мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартатынын растап, ондай жұмысты істемейтінін, себебі намыс көретінін, ешқашан ондай жұмыс істеп көрмегенін және істемейтінін, яғни сот үкімін орындамайтынын айтып көрсетті.
Қылмыстық атқару кодексінің 67-бабының екінші бөлігінің 6) тармағына сай, осы Кодекстің 60-бабы үшінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген дәлелді себептерсіз мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтару бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылады.
Сондықтан сот, ҚК-нің 44-бабының үшінші бөлігіне сай, сотталған Б.-ға тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырып, оны сот залынан қамауға алды.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.