«Мектепке жол» акциясы аясында отандық өнімдер жәрмеңкесі өтіп жатыр

82

Шымкентте  «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда  сапалы мектеп формасынан бастап  былғары аяқ киімге дейін қойылған.  Іс-шара барысында  қаланың  бас педагогы мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршінге сыйлық жасады.

«Мектепке жол» акциясы аясында өткізілген жәрмеңкеге қала тұрғыны Айжан Басирова алғашқылардың бірі болып келді. Көп балалы ананың  биыл 3 баласы мектепке барады екен. Сол себепті қызы мен ұлына осы жәрмеңкеден киім алып беруді жөн санаған.

Айжан Басирова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздің аудан жақтан 25 мыңға сатып алып едім. Мұнда ең қымбаты 18 мың деп тұр. Жақсы екен. Балама ұнап жатыр. Негізі киімді 1 ғана маусым киеді ғой балалар. Сапасы жақсы екен. Түтілмейді көрініп тұр. Осыны аламын деп тұрмын. Матасы ұнап тұр». 

Шараға келген қаланың бас педагогы Жанат Тәжиева жәрмеңкені аралап мектеп формасының сапасымен танысты. Әрі жергілікті кәсіпкерлер өнімін қолдау үшін осында келген мектеп табалдырығын енді аттайтын бүлдіршінге киім алып берді.

Мұнда А4 форматындағы қағаздан бастап,  киім-кешек, белдікке дейін бар. Ал былғарыдан аяқ киім тігетін зауыт өкілі өнімі халыққа ұнап жатқанына қуанышты.

Шахноза Сейсенбекова, Nappa компаниясының өкілі: «Бізде отандық өнім, барлығы да былғарыдан тігілген.  Өзіміздің цехта тігіледі. Жақсы сауда жасадық. Тұрғындар келіп, тексеріп көріп жатыр. Тіпті сіріңке жағып та көрді».

Айта кетейік, шараға 15-ке жуық кәсіпкер қатысқан. Отандық өнімдер саудаға шыққан жәрмеңке Қажымұқан стадионының алдында 19 шілдеге дейін жалғасады.