Қаламызда алдағы жылу маусымына дайындық қарқын алған. Тозығы жеткен сорғыш станциялары жаңаланып, ескірген магистральды жылу құбырларын алмастыру жалғасып жатыр.
Ирина Добренко — Орынбаев көшесінде тұрады. Ол көшедегі құрылыс жұмысының аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр. Себебі жылу жүйесі құбырларын алмастыру еңбек демалысымен қатар келіпті.
Ирина Добренко, қала тұрғыны: «Биыл маусымның басында біздің көшемізде құрылысшылар жұмыстарын бастады. Магистральды құбырлар жаңалануда. Демалысқа шыққан едім, бір демалған жоқпын, күні бойы шаң, шу. Тезірек бітірсе екен. Сосын алда күз, жауын -шашын. Қазған жерлерді тегістеп,орнын реттеп, асфальттеп кетсе, жақсы болар еді».
Жауаптылар құрылыс жұмысының осы төңіректегі адамдар мен кәсіпкерлерге кедергі келтіріп жатқанынан хабардар. Дегенмен бұл жұмысты қыркүйекке дейін орындауымыз керек деген учаске бастығы тұрғындардан сабырлық танытуды сұрады.
Серікбай Сұлтанов, мердігер мекеменің учаске бастығы: «Құбырлар тұрғындардың айтуынша 1971 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен. Жоба бойынша 700-дік құбырлар оқшауланған жаңа құбырларға алмастырылуда. 170 метр қалды. Сентябрьде бітіреміз. Жалпы ұзындығы 700 метр».
Магистарльді жылу құбырынан бөлек, мұнда сорғыш станциясының барлық жабдықтары да жаңартылып жатыр. Заманауи сорғыштар орнатылатын нысандарда алдағы уақытта мәселе туындамайды дейді құрылысшылар.