Отандық ғалымдар өсімдік негізінде сүт өндірудің жаңа технологияларын жасап шығарды

67
фото Азаттық рухы

Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғалымдары өсімдік негізінде сүт өндірудің жаңа технологияларын жасап шығарды. Қазіргі таңда сүт өнімдерінің ішіндегі ең белгілі өнімдері бадам, сұлы және соядан алынған сүт өнімдері болғанымен, бұл сектор инновацияға толы. Қазақстанда өсімдік шикізатынан алынған сүт нарығы қарқынды өсуде, импорттық өсімдік сүтін сату 2020 жылдан 2021 жылға дейін 50% – ға өсті.

Лактозаға төзбеушілігі бар тұтынушылар күннен күнге өсіп, дәмдік талғамдар өзгеруде. Сондықтан, өсімдік негізіндегі сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді. Өсімдік сүті лактозасыз йогурт пен балмұздақ өндірісінің шикізаты. Құрғақтай түрінде ботқаға қосатын ингредиент ретінде қолданылады. Бұл лактозаға аллергиясы бар тұтынушылар мен вегетариандықтар үшін маңызды.

Импортқа тәуелділік мәселесін шешуге Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғалымдары кірісті. Биология ғылымдарының кандидаты Г.Х. Оспанқұлованың жетекшілігімен ғалымдар бидай, сұлы, арпа, күріш, амарант дақылдарының негізінде сүт алмастырғыштарды өндіру бойынша зерттеулер жүргізіп, тың технологиялар әзірледі. «Өсімдік шикізаты негізінде сиыр сүтінің алмастырғыштары өндірісін құру» жобасы бойынша «Ғылым қоры» АҚ арқылы өндіріске енгізу және коммерцияландыру қолға алынды. Коммерцияландыру жобасы шеңберінде өсімдік шикізатынан сүт алмастырғыштарды шығару бойынша құрал-жабдықты сатып алу, жаңа өндірісті ұйымдастыру, әзірленген технологияларды өндіріске енгізу жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа өнімдердің нарықтағы артықшылықтары:

– Импорттық өнімдерді алмастырады;
– Биотехнологиялық әдістерді қолдана отырып жоғары сапаға қол жеткізу, қосымша микроэлементтермен байыту;
– Дайын өнімнің құрамын және сұранысқа байланысты нысаналы мақсатын реттеу мүмкіндігі (мысалы, жоғары ақуызды, төмен калориялы, глютенсіз және энтеральды тамақтану үшін қолданылатын және т.б. өнімдер болуы мүмкін);
– Аллергиямен ауыратындар мен орталық жүйке жүйесінің сырқаты бар адамдар үшін қауіпсіз, консерванттары жоқ, дәрумендермен байытылған;
– Қазіргі уақытта ҚР-дағы жалғыз өндіруші;
– Алдын ала есептеулер бойынша жаңа өнімнің өзіндік құны нарықтағы импорттық аналогтардан екі-үш есе төмен;
– Өнімнің экспорттық әлеуеті бар: 100 тонна өнім көлемінде Қытайдағы «Shaanxi Xingkailong Trading Co» ЖШС компаниясымен алдын ала келісім жасалған.