Облыс әкімінің төралағымен өткен кезекті кездесуде аудан тұрғындары жылда қайталанатын өзекті мәселелерге тоқталды. Соның бірі биыл Сырдария өзені бойында шыбын-шіркейдің шамадан тыс көбеюі. Бұл жағдай жергілікті тұрғындарды әбден әбірге салған. Олар облыс әкімінен мәселенің шешімін тауып беруін сұрады.
Жаппарқұл Пердехан, Шәуілдір ауылының тұрғыны: «Былтыр өңірімізде шыбын-шіркей көбейіп, халықтың мазасын алған болатын. Бұл мәселені шешуге қаржы қаралып, күзде жағдай жақсарды. Осы ретте билік басындағыларға айтар бір ұсынысым бар еді. Аталған мәселелер тағы қайталанбас үшін барлығын уақтылы істесеңіздер. Сол кезде Отырар ауданының тұрғындары мұндай мазасыздыққа ұшырамас еді».
Өңір басшысы биыл шыбын-шіркейді жоюға облыстық бюджеттен 817 млн. теңге бөлінгенін айтты. Толықтай залалсыздандыру жұмысы жүргізілгенімен осы бағытта ескеру керек жағдайлардың бар екенін түсіндірді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл өте күрделі мәселе. Сіздің айтқаныңыз бойынша бірқатар шаралар қолданысқа енгізілді. Бюджеттен бұл жұмыстарға желтоқсан айында қаржы бөлінеді. Бірақ әр өңірде дернәсілдердің тарау уақыты әртүрлі. Алдағы уақытта шыбын-шіркейлердің көптеп таралатын нүктелері бойынша тізім түземіз. Кейіннен жауапты мамандар бекітілген нүктелермен жұмыс істейтін болады».
Мамандардың айтуынша, бұл дернәсілдерді жою жұмысы ағымдағы жылдың наурыз және шілде айында жүргізілген екен. Ал биыл шіркейлерді жою деңгейін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.