Желіде белгісіз ер адамның гүл сататын дүкен сатушысына дөрекілік көрсетіп, боқтық сөздерді қарша жаудырған видеосы пайда болды. Сондай-ақ бейнежазбадан ер кісінің дүкен алдында дәрет сындырып тұрған сәтін көруге болады.
Видеоны @egov.press Telegram-каналы жариялады. Онда сатушыға наразы болған ер адам үстел үстіндегі қайшыны қолына алып, шабуылдамақ болады.
Telegram-каналындағы мәліметке сүйенсек, ер адам облыс прокурорының ұлы көрінеді. Оқиға Шымкенттегі гүл сататын ROMANTICA дүкенінде 8 тамыз күні болған. Ал Түркістан облысының прокуратурасы видео кейіпкерінің прокуратура органдары мен ондағы қызметкерлерге ешқандай туыстық қарым-қатынасы жоқтығын мәлімдеді.
Қалалық Полиция департаменті аталған видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, ер кісі Шымкент қаласының тұрғыны екен. Ол Тұран аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Сот қаулысымен ер адам жазаға тартылған.
«Сатушы ер адамның үстінен арыз жазудан бас тартты. Осыған қарамастан тәртіп сақшылары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған материалдар құқық бұзушыға қатысты шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданды. Сот қаулысымен ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды» деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.