Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері өнім өндіріп, аудан бюджетін қомақтыландыруға сүбелі үлес қосудан бөлек, әлеуметтің әлеуеттік мәселелерін шешуге де атсалысуда. Аудан кәсіпкерлерінің бірі тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созса, енді бірі әлеуметтік нысандар салып барынша қолқабыс жасауда. Жуырда жеке кәсіпкер С.Абишев ауданның балғын бүлдіршіндерін киелі Түркістан облысына саяхат жасауына демеушілік жасады.
Аталмыш саяхат, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл және қазақ тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде өшпес із қалдырған Қожа Ахмет Ясауи бабамызға 930 жыл толуына орай, «Балалар қуанған күн» атауымен кең ауқымда ұйымдастырылды.
Қазығұрттық балалар ең алдымен Түркістан қаласындағы тарихи кешен, киелі орын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихымен танысудан бастады. Саяхат барысында балалар, еліміздің түркі тілдес халықтарының рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын, XV ғасырда Қожа Ахмет Ясауиге арнап тұрғызылған кесенені аралап, ғажайып «Тайқазанды» көріп, сонымен қатар жер асты мешітіне барып, Қожа Ахмет Ясауи қылуетке түскен жерді көздерімен көріп, ерекше әсер алды.
Сондай-ақ балалар, Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін аралады. Қазіргі сән-салтанаты жарасып тұрған «Керуен-сарайға» саяхат жасаған балалар сан ғасыр бұрын сауда жолдарының торабы болған тарихи мекенді аралап жүргендей ғажайып сәттердің куәсі болды. Алдағы уақытта да аудан кәсіпкерлері ұдайы қайырымдылық шараларынан шет қалмай, демеушілік жасаудан алдыңғы қатардан көріне берері сөзсіз.