«Қауіпсіз қатынас». Шымкентте ВИЧ инфекциясын жұқтырмаудың тың әдісі қолданылуда

389

Шымкентте ВИЧ инфекциясын жұқтырмаудың тыс әдісін қолданылуда. Бұл үшін дәрігерлер қауіпті топтағы азаматтарға профилактикалық емін жасап, аурудың алдын алуда. Қауіпті инфекцияны жұқтырмайтын әдістің артықшылығы неде? Аталған терапияны кімдер қабылдайды?

42 жастағы Никита өзінің қауіпсіздігі үшін ЖИТС орталығына келіп, ем алып жүр.  Себебі оның сүйіктісі ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Төсектегі серігінен қауіпті инфекцияны жұқтырмас үшін Никита тұрақты түрде жанасуға дейінгі терапия емін алып келеді.

«Мен екі жылдан бері осы терапияны қолданып келемін. Себебі төсектегі жұбымда ВИЧ инфекциясы оң нәтиже берген. Өзімді қорғау үшін осы әдісті қолданамын. Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. Сондықтан мен де өзімді ВИЧ-тен қорғағым келеді»,-дейді қала тұрғыны.   

ВИЧ инфекциясын жұқтырмау үшін қазір емдеу мекемелерінде жанасуға дейінгі профилактика қолданылады. Бұл дегеніміз АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі бар сау адамның арнайы вирусқа қарсы препараттарды қабылдау арқылы инфекцияға қарсы тұру әдісі. Бүгінге дейін Шымкенттегі ЖИТС орталығында 100-ден аса адам аталған терапияны қабылдаған. Оның ішінде есірткі тұтынатындар, жеңіл жүрісті қыздар, отбасылы, тіпті бір жынысты жұптар да бар.

«Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жүргізген нәтижелері бойынша осы профилактика әдісі тексеріліп, жұқтыру дерегі тіркелмеген. Шымкентетгі ЖИТС орталығында  2021 жылдан бері  бұл әдіс енгізіліп келеді. Бүгінге дейін профилактика енгізілген науқастардың арасында АИТВ жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. Қатынасқа дейінгі профилактикалық ем ең алдымен жұқтыру қауіп басым топтарға жасалады. Олар күйеуі немесе әйелінде  ВИЧ инфекциясы бар жұптың серігіне, есірткі қолданатындарға, интим қызметкерлеріне, бейберекет жүретіндерге және еркекпен жыныстық қатынасқа түсетіндерге қолданылады»,-деді Шымкент қаласы ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет МАШИРОВ. 

Айта кетейік, Шымкенттегі ЖИТС орталығында қауіпті топтағы азаматтарға жанасуға дейінгі профилактика тегін жасалады. Биыл орталық дәрігерлері 500-ден астам пациентке аталған терапияны жүргізуді жоспарлауда. Мамандардың сөзінше, жанасуға дейінгі терапия ВИЧ инфекциясын алдын алуда оң нәтиже беріп, инфекцияға шалдықандардың санын азайтуға көмегін тигізуде.

Автор: Лаура Нақыпқызы