Қазығұрт ауданы тұрғындарының бірқатар мәселелері шешілді

72

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы тұрғындарына жаңа көпір пайдалануға берілді. Бұл жергілікті халықтың көптен бергі арманы болатын дейді ауыл ақсақалдары. Себебі осыған дейін қарапайым халық қарсы бетке жолсыз жермен су кешіп өтуге мәжбүр болыпты.

Бүгінде қазығұрттықтардың қуанышында шек жоқ. Себебі дүйім жұртқа арман болған су жаңа көпір халық игілігіне берілді. Құрылыс жұмыстары былтыр желтоқсанда басталған болатын. Көпірдің салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.

Бұрын Жеңіс ауылының тұрғындарына аудан орталығына бару үшін суды кешіп өтуге тура келетін. Жаңбырлы мезгілдерде су арнасына толып, тұрғындарды әбден әбігерге салатын. Салдарынан науқастар мен аяғы ауыр келіншектерді перзентханаға уақытылы жеткізу мұң болған екен.

Айта кетейік, бүгінде Қазығұрт ауданына қарасты Жеңіс ауылында 400-ге жуық халық өмір сүреді. Ал жаңа көпірдің пайдалануға берілуі – ауыл халқының бірқатар мәселелерін шешті деуге болады. Көпірді жеке кәсіпкер тарту етті. Осылайша аудан кәсіпкерлері ауыл халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге де атсалысуда.