30 тамыз күні электрлі самокаттарды қолдану тәртібін реттейтін заң күшіне енеді. Енді самокат тізгіншісіне жүргізуші статусы беріліп, түрлі шектеу қойылады. Электр самокатпен жүргізушісі заң бұзған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылады?
Елімізде самокатқа қатысты заң қабылданып, шағын электрлі көлік ұғымы енді. Көлік құралы арқылы жүргіншілер жолында сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат беріледі. Оған қоса заң аясында жүргізушіге бірқатар міндет жүктелді.
Жаңа стандарт бойынша, электр самокат жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан асыруға болмайды. Сонымен қатар жолдың жүріс бөлігінде тізгінші шлем киюі қажет. Жол қауіпсіздігін сақтау үшін жүргізуші куәлігі де болуы керек екен.
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы: «Қабылданған жаңа заңға сәйкес электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек. Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек».
Енді белгілі бір компанияларға тиесілі самокаттарға жылдамдықты шектейтін құрал қойылады. Атап айтқанда саябақтар мен адам көп шоғырланатын орындарға барғанда GPS-сенсор автоматты түрде жылдамдықты азайтады. Егер жүргізуші жылдамдықты асырып, талаптарды орындамаса жауапкершілік те қарастырылған.
Ақтоты Боранова, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы: «Қазір жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (ӘҚБтК-нің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартуға болады».
Қазір жылдамдығы 25 км сағатынан асып кететін шағын электрлі көлікті импорттауды шектеу жұмысы жүріп жатыр. Өйткені жол жүру ережесіне сәйкес мұндай самокаттар адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ал стандартқа сай жолдың жиегінде самокатпен жүру үшін жүргізушінің үстінде жарық қайтаратын белгілер болу міндеттелген.