Сатушы таразыдан жеген болса, не істеу керек? Заңгер кеңесі

1111

«Базардан 15 келі картоп сатып алдым. Алайда үйге келіп өлшесем, оның салмағы 10 келіні көрсетіп тұр. Сатушыны жауапқа тарта аламын ба?» Бұл редакцияға хабарласып, кеңес сұраған оқырман сұрағы. 

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 13-бабы 2-тармағына сәйкес, кез келген сатып алушы алған тауардың сапасын, салмағын, саны мен мөлшерін тексеруге құқылы.

«Егер тұтынушы тауардың сапасына қатысты өлшеу, таразылау, есептеу, жаңылыстыру фактілерін анықтаса, құзыретіне мұндай істерді қарау және әкімшілік жауапкершілікке тарту кіретін ішкі істер органдарына жүгінуі қажет. Ол үшін қолыңызда фото, видео дәлелдеме болуы шарт»,-деді заңгер.

Сіздің шағымыңыз дәлелін тапса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 190-бабы бойынша жаза қарастырылған. Яғни, сатушы жеке тұлға болса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30  АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.