Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері «Мектепке жол» акциясын қолдады

44

 

Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері отбасылармен жұмыс жөніндегі қызметтермен өзара іс-қимыл жасай отырып, көп балалы отбасыларға және қандай да бір себептермен өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға қайырымдылық көмек көрсетті. Олар 50-ден астам балаға оқу үшін қажетті барлық кеңсе тауарлары бар мектеп сөмкелерін сыйға тартты, сонымен қатар оларға мектеп және спорттық киімдер алып берді.

Егер әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері балаларды ірі сауда орындарына шақырып, оларға қажетті барлық заттарды тарту етсе, механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері балалардың үйіне барып қуантты. Бадам ауылындағы 10216 әскери бөлімінің әскери қызметшілері балаларды бөлімге шақырып, оларға салтанатты жағдайда мектеп керек-жарақтарын табыс етті. Оқушылар жасаған сыйлықтарына риза болып, әскерилерге алғыстарын білдірді.

Қажетті кеңсе заттары бар мектеп сөмкелерін 50-ге жуық оқушы алды. Олардың ата-аналарына әскерилердің жасаған назары мен қамқорлығы жүректерінде жылы әсер қалдырды. Балаларға ең жақсы және жылы тілектер, қолдау сөздері айтылды. Мектеп рюкзактарын тапсыру күні барлығы үшін нағыз мереке болды, ал бұл күннің ең басты сәні балалардың бақытты күлкілері болды.

— Біз үшін балаларға мектепте қажет заттарды алу, оларға қуаныш сыйлау үлкен бақыт. Шынында да, әрқайсымыз халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды мектепке дайындауда қолдан келгенше көмек көрсетуде белсенділік таныта аламыз, оның мектепке баратын жолы ең жақсы және бақытты болуы үшін әрбір балаға зейін мен шынайы қамқорлық көрсете аламыз, — деп атап өтті бригада командирінің орынбасары подполковник Ринат Калидолдин.

Механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтің басшысы Жамал Оразбек «Мектепке жол» акциясы олардың бір бөлімі үшін жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

— Командалық құрам мен әскери қызметшілер бұл акцияны қуана қолдайды, біз мектеп басшыларымен кездесеміз, әскери қызмет туралы айтып, кәсіби бағдар бойынша түлектермен кездесулер өткіземіз, — деп толықтырды Жамал Оразбек.

Айта кетсек, гарнизонның әскери қызметшілері әр түрлі бағдарламалар мен әлеуметтік акцияларға үнемі қатысып, қолдау көрсетіп отырады, «Мектепке жол» көптеген жылдар бойы осы акциялардың бірі болып келеді.