Шымкент тұрғындары қоқыс қызметіне төлемей жүр

79

Үшінші мегаполис тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне төлем жасаудан жалтаруда. Заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарды тазалау, абаттандыру жергілікті бюджет есебінен жасалады. Бүгінде ең берешегі көп тұрғын үйлер Абай ауданында орналасқан.

45 млн қарыз! Бүгінде Шымкенттегі бірқатар аудан тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекеме алдында миллиондаған берешегі бар. Мәселен, дәл Абай ауданының өзінде 12 мыңға жуық абонент 45 млн. теңгеге жуық қарыз.

Гүлнұр Шегірбаева, Абай ауданы «ЛТД Тұрмыс» Абоненттік бөлім менеджері: «Көбінесе халық коммуналдық төлем төлегісі келмейді. Қоқыс шығарады, бірақ оның қызметіне  төлегісі келмейді. Бұл да жарық, газ сияқты коммуналдық қызметтің бір түрі. 2023 жылдың сәуір айынан өзгерістер енгізіліп, тариф  қымбаттады.  Сол себепті халықтың көбісі  неліктен баға өсті деп шағымдануда. Көпқабатты тұрғын үй 200-ден 413 теңгеге, ал жекеменшік иеліктегі үйлер 141 теңгеден 378 теңгеге дейін өсті. Негізі тарифтың көтерілмегеніне 7-8 жыл болды».

Мамандардың айтуынша, төлем жасаудан жалтаратын азаматтар өздерінің қоқысын өзге қоғамдық орындардағы қоқыс жәшіктеріне тастап кететін көрінеді. Осылайша қоқыс контейнерлері мерзімінен бұрын толып қалады. Ал қара тізімге енген тұрғындар туралы мәліметтер құзырлы мекеме мамандарына беріледі. Әрмен қарай абоненттің банктегі шоты бұғатталады.

Мейіржан Ажедин, Абай ауданы әкімі аппаратының қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы: «Биылдан бастап біз  тарифті 378 теңгеге көтердік. Себебі жанармай өсіп жатыр, қоқыс полигоны да қымбаттап  жатыр. Негізі бізде көпқабатты тұрғын үйлердің 100 пайыз тұрғынның барлығы келісімшарты бар. Жер үйде тұратын азаматтар біреуі енді үйін соғып жатыр, бірі үйінде тұрмайды. Ал пәтерде тұратын зейнеткерлер жаз айларында саяжайға кетіп қалады. Осылайша оларыдң берешегі жиналып қалады».

Мамандар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, уақтылы төлем жасауға шақырады. Сондай-ақ, қоқыс жәшігіне тұрмыстық қалдықтардан бөлек құрылыс материалдарын салуға болмайтынын ескертеді. Себебі ауыр заттардың салмағы қоқыс тасымалдауға арналған техникаларды зақымдап, олардың ерте бұзылуына әкеледі дейді.

Қажетсіз техника, жиһаз бен құрылыс қалдықтарын арнайы көлік жалдап, Ақтас қоқыс полигонына апару қажет. Десек те қазіргі уақытта бұларды тасымалдау қызметін аталған мекеме мамандары атқарып келеді.