Шымкентте жыл басынан бері 200-ден астам отбасы тұрғын үй көмегін алды. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға жергілікті бюджет есебінен коммуналдық қызмет төлемдерін өтеуге 14 миллион теңгеге жуық жәрдем көрсетілген.
Тұрғын үй көмегін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тағайындайды. Өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе «e-gov» порталы арқылы жолдауға болады.
Тұрғын үй көмегіне үміткер меншік иесі болуы керек және меншігінде бір үйден артық баспанасы болмауы қажет. Әлеуметтік көмек түбіртек бойынша коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасының бір айдағы жиынтық табысының 5 пайыздан астамын құраған жағдайда тағайындалады.
Көмекке мұқтаж азаматтар жеке басын куәландыратын құжат, жұмыс орнынан жұмысқа орналасқаны бойынша бұйрық немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама; балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер; банктік шот; коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған түбіртектер; алдыңғы тоқсандағы түбіртектер мен телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот және жалға алған тұрғын жайдың келісім шартының көшірмесін тапсырулары қажет.