Шымкентте інісін өлтірген күдіктіні полиция иті ұстап берді

58

Өткен демалыс күндері Еңбекші аудандық ІІБ-нің «102» полиция бөліміне кісі өлімі туралы хабарлама келіп түсті. Шымкент қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев, сондай-ақ аудан прокурорлары жедел-тергеу тобымен бірге шақырту бойынша оқиға орнына жедел жетті.

Келген бойда полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық-зомбылықпен өлтірілген  ер адамның денесін тапты. Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан асхана пышағымен ұрып, содан кейін белгісіз бағытқа қашып кеткен.

Бөлімнің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның анықтаушысы Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итпен темір жол бағыты бойынша іздеуге шықты.

Полиция иті Грей бірден ізге түсіп, күдіктінің тығылған жерінен тап басып, тауып берді. Ер адамды полиция қамауға алды. Ағайындылар арасындағы кикілжің «есірткіден бас тарту керек» деп ақыл айтуынан басталған болып шықты.

Қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданатын болады.