Шымкентте саудагер жастар арасында спорттық жарыс өтуде

35

Шымкентте алғаш рет «Базар жастар» лигасы өткізілуде. Аталған спорттық сайыс 12 тамыз – халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Лига екі кезеңнен тұрады. Яғни, алғашқы ойын күнінде сауда нысандарында жұмыс істейтін ер азаматтар арасында футбол жарыс өтті.

Сапархан Әлиханов 2016 жылдан бері базарда ерлерге арналған аяқ киім сатумен айналысады. Жастар күніне орай ұйымдастырылған жарыс үшін Сапархан сауда нысанындағы жұмысын жақындарына тапсырып, базардың атынан сайысқа қатысуға келген. Оның айтуынша, осы лектегі іс — шаралар сауда саласында жүрген азаматтардың басын біріктіріп, дамушы орта қалыптастыруға сеп болады.

«Біздің команда киім, тұрмыстық техника, жарықшам, ыдыс-аяқ сатып жатқан жігіттерден құралған. Менің жұмыс орнымда досым, інім бар. Соларға дайындап, осы жарысқа қатысамыз деп келдік»,-деді «Алаш» базары командасының мүшесі Сапархан Әлиханов.

Айтулы шараға қатысуға 200-ден астам жас өтінім берген. Бүгінде лигаға 16 команда жасақталып, олар 4 күн бойы өзара бақ сынасады. Екі кезеңнен тұратын іс-шараға ер азаматтардан бөлек, сауда нүктелерінде еңбек ететін қыздар да қатысады. Нәзік жандылар спорттың волейбол түрінен өзара мықтыны анықтайтын болады.

«Неге бұл «Базар жастар» лигасы деп аталды? Бізде қазір статистикаға сәйкес 30 мыңнан астам жас базарда өздері жұмыс атқарады. Бұл шара  өз кәсіптерін заңдастыру және арнайы мемлекеттен беріліп жатқан жеңілдіктер мен несиелерді пайдаланып  кәсіптерін дамыту, оларды қоғамға тарту, бұқаралық спортпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылуда. Себебі базар жастары қоғамымыздың белсенді мүшелері, олар да барлық бағдарламаларға ат салыссын»,-деді Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.

Айта кетейік, осыған дейін айтулы жарыс пилоттық жоба ретінде өткізіліп тұрған. Биылдан бастап лиганың салтанатты түрде ашылуы болды. 11 тамыз күні үздік деп танылғандарға бағалы сыйлықтар табысталады. Айта кетейік, бұл шараны өткізуге қала бюджетінен 4 млн қаржы бөлінген.