36 жастағы Айнұр Бектемесованың Өзбекстаннан келгеніне 1 ай болған. Қазір ол отбасымен бірге қалалық қандас орталығында уақытша тұрып жатыр. Қазақстан азаматтығын алу үшін қажетті құжаттарын тапсырып қойған. Ол тарихи отанында жаңа өмір бастауға асық.
Айнұр Бектемесова, қандас: «Біздің Қазақстанға келгенімізге 1 ай болды. Құжаттарымызды жинап, оралман куәлігін алған кезде осы орталықтың мамандары өздері хабарласты. Осында келуімізді сұрады. Қазір енді осы жерге жайғастық. Барлық жағдай жасалған. Шымкентте күйеуімнің әпкелері өмір сүреді. Солардың артынан келіп тұрған жайымыз бар”.
Бұл бейімдеу орталығы қандастарға 6 ай құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Келушілердің мектеп жасындағы балаларын мектепке орналастырып және медициналық мекемелерге тіркеуін ұйымдастырады. Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту үшін шағын кәсіптік курстарға жібереді. Курсқа қатысушылар тігінші, шаштараз, аспаз, электр және басқа да мамандықтар бойынша білім алады.
Бағдагүл Байтешова, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы КММ директоры: «Жыл басынан бері орталыққа 19 отбасы, 41 қандасымыз келді. Ал қазіргі таңда бізде 17 отбасы, яғни 39 қандасымыз қызмет алып жатыр. Орталыққа келген қандастарымызға жатын бөлмелер отбасы санына қарай, құрал-жабдықтар мен төсек орындар беріледі. Бізде асхана да бар. Келушілер мұнда 6 айға дейін тегін қызмет алады”.
Қазір орталықта 55 адам уақытша тұрып жатыр. Оның басым бөлігі Өзбекстан елінен келген. Айта кетейік, мұнда бір отбасындағы адам санына қарай бөлмемен қамтамасыз етеді.