Шымкенттік мерген қыз тарихи жеңіске жетті. Зухра Ирназарова 53 -ші Әлем чемпионатында нысана көздеуден алтыннан алқа тағынды.
Шымкенттік ару нысана көздеуден Әлем чемионы атанды. Ол Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды салды. Ақтық сында жерлесіміз Александра Садуақасовамен шығып, 6:3 есебімен басым түсті. Осылайша мерген 10 метрден жылжымалы нысана көздеуден үздік нәтиже көрсеткен. Зухра Ирназарова байрақты бәсекеге 2 ай тыңғылықты дайындалғанын айтады.
Зухра Ирназарова, Әлем чемпионы: «Біз осы чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалдық. Әр оғымды алдыңғысынан жақсы, дәл атуға тырыстым. Негізінде мен бірінші айналымды жақсы көрсеткішпен аяқтай алмадым. Алғашында 4 орында тұрдым. Кейін 2 орынға көтерілдім. Финалда 1 орын алам деп өзіме уәде бердім. Соны орындадым»
Зухра осыдан 1 ай бұрын жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Халықаралық спорт шеберінің бапкері оның қашанда тыңғылықты дайындалатынын айтады. Сондықтан жеңіс тұғырынан көрініпті.
Наталья Юнусметова, бапкер: “Зухра жеңіске өзінің тұрақты мінезінің, өзіне деген талапшылдығы мен сабырлылығының арқасында жетті. Ол соңына дейін күреседі. Жеңілістен ешқашан сынып қалмайды. Қайта күш алады. Сондықтан да Зухра Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атағына ие болған”
Қазір ел құрамасында 3 жүлде бар. Бірнеше күн бұрын стенд атудың трап бағдарламамасында спортшыларымыз үздік үштікті түйіндеген еді. Енді екі жерлесіміз бірінші және екінші орынды өзара бөлісті. Айта кетейік, жарысқа әлемнің 100 елінен 1500 нысана көздеу шебері қатысып жатыр.