10 тамыз — Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толды. Осыған орай қалада қазақтың бас ақыны, ғұламаның құрметіне мерекелік шаралар өткізіліп, саябақтарда Абай шығармашылығына арналған бұрыштар ашылды. Үшінші мегаполистің қоғам белсенділері де бұл күнге ерекше дайындалған. Тіпті қала тұрғының бірі Абайдың қара сөздерін жатқа айтып бергендерге такси қызметін тегін ұсынды.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп жырлап кеткен ұлы ойшыл, ғұлама, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 178 жылдық мерейтойы Шымкентте ерекше деңгейде аталып өтті. Бүгін қала саябақтарында айтулы дата аясында қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушының шығармалар жинағы ел назары ұсынылды.
Айгүл Айымбетова екі немересіне қазақтың ұлы философының өмірбаянын етене жақын таныстыру үшін ақынның аты берілген саябаққа арнайы келіпті. Қала тұрғыны барлық азаматтарға Абайдың қара сөздері мен туындыларын оқып қана қоймай, оны өмірде пайдалануға кеңес береді.
Айгүл Айымбетова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Абайдың бүкіл туындыларының мағыналық мәні өте зор. Мектеп кезінде оның шығармашылығымен етене таныстық. Қазір енді немерелеріме ұлы ақынның өмірбаяны мен тағылымды тарихын баяндап, таныстырып жүрмін. Мерекелік кешке орай ұйымдастырылған шара өте керемет деңгейде өтті».
Абайдың шығармалары әлемнің 60-тан аса тіліне аударылған. Ақынның сол заманда жазған туындылары әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай, адамзат жадында сақталып келеді. Бүгінгі мерекеге байланысты қала тұрғыны Есбол Ордабеков ерек челлендж ұйымдастырды. Ол Абайдың кез келген қара сөзін білген жанды діттеген жеріне тегін жеткізіп салып отыр.
Есбол Ордабеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кеше кешкісін әлеуметтік желілерде аса маңызды емес челлендж көріп отырдым. Сөйтіп Абайдың туған күніне орай өзгеше бір челлендж ұйымдастырғым келді. Қала тұрғындары мен қонақтарын Абайдың қара сөздерін білген жағдайда, ақысыз түрде жеткізіп саламын. Абайдың 45 қара сөзі бар. Таңнан бері 17 адамды жеткізіп салдым, оның 10-ы ғана қара сөзді жатқа айтып бере алды. Негізі бұл өте жақсы көрсеткіш деп айта алмаймын. Абайдың сөздерінде мән-мағына өте көп».
Челлендж демекші, дара ақын, дана ойшылдың 178 жылдығына орай ерекше дүние ойластырғандар қатарында атақты Димаш Құдайберген де бар. Ол өзінің тыңдармандарын Абай Құнанбаевтың кез-келген шығармасын жатқа айтып видео түсіріп, әлеуметтік желіде таратуды ұсынды.
Қазақстанда Абай есімді 18 452 адам өмір сүреді екен. Оның 17 758-і қазақ, 35- і қырғыз, 1 тәжік, неміс және 15 орыс ұлтының азаматтары. Тіпті Абай атты қытайлық та бар екен. Ең қызығы, қазіргі уақытта еліміздегі ең қарт Абайдың жасы 100 келеді.