Созақ ауданының жасөспірімдері қызық үшін жол қозғалысын бақылайтын бағдаршаммен ойнаған. Тіпті олар бұл сәтті видеоға түсіріп алған.
Бейнежазба әлеуметтік желіде пайда болды.
Видеода белгісіз ер балалар жол қозғалысын бақылайтын бағдаршамның арнайы құрылғысын ашып, ток жалғанған түймесін басып, электр сымдарымен ойнайды.
Полиция көп ұзамай құқық бұзушылық жасағандардың жеке басын анықтады. Олар Созақ ауданының кәмелет жасына толмаған 3 тұрғыны болып шықты.
Жасөспірімдермен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Олар бұл теріс әрекеттерін қызық көру мақсатында жасағандарын мойындап, алдағы уақытта қайталамайтындарын жеткізді. Аталған жайт бойынша жасөспірімдердің заңды өкілдері, яғни, ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік шара көрілді» деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.