ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Зұлфұхар Жолдасов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының жұмысына жетекшілік етеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірінші орынбасарын таныстырды. Осыған дейін ҚР Үкіметі Аппаратында өңірлерді дамыту бөлімінің инспекторы қызметін атқарған Зұлфұхар Жолдасов Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, бақылау жөніндегі басқарма жұмыстарына жетекшілік етеді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біріншіден Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығының қайта құру жмыстарын жеке бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, облысымызда, әсіресе облыс орталығы Түркістан қаласында бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Солардың сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізу керек. Автомобиль жолдарының сапасы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары бар. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу қажет. 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту керекпіз. Осы мәселелерді шешу үшін біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті. Сізден нәтижелі жұмыс күтемін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!»
Жаңа лауазымдағы алғашқы тапсырмаларын алған облыс әкімінің бірінші орынбасары өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, жинаған білімі мен тәжірибесін ел игілігі үшін жұмсауға дайын екенін жеткізді.
Зұлфұхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары: «Киелі Түркістан өңіріне қызмет ету маған үлкен абырой. Түркістан оьблысына экономикалық-әлеуметтік дамуына бар жинаған тәжірибемді, білімімді салып, қызмет етемін. Сіздерге сенім білдіріп, қолдағандарыңызға рақмет!»
Айта кетейік, Зұлфұхар Жолдасов 1976 жылғы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын прокуратура саласынан бастаған. Сонымен қатар ҚР Қоршаған ортаны қорғау, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде басшылық лауазымдарды атқарған. Осыған дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратында өңірлерді дамыту бөлімінің инспекторы болды.