Түркістан облысында әскери қызметшілер өз шеберліктерін жетілдіруде

34

 

Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында жауынгерлік жаттығуларға барынша жақын жағдайда бөлімшелердің далалық білімі мен үйлесімділігін жетілдіру мақсатында взводтардың жауынгерлік атыстарын ұйымдастыру және өткізу бойынша нұсқау-әдістемелік сабақтар өтті. Сабақтарға мотоатқыштар бөлімшелері тартылып, батальон командирлерінің жалпы басшылығымен өткізілді.

Жаттығу алаңында байланыс ұйымдастыру, бүркемелеу, жаппай қырып-жою қаруынан қорғану, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, жауынгерлік және жорық күзеті, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері пысықталатын оқу орындары ұйымдастырылды. Бұл білім алушыларға көрнекі түрде көруге және жетекшілерге оқу тақырыбын қолжетімді түрде түсіндіруге мүмкіндік берді.

Механикаландырылған бригаданың нұсқаушылары оқу полигонында жауынгерлік атыстарды жүргізу үшін жердегі және әуе нысандары бойынша қарудың барлық түрлерінен атыс жүргізуді көздейтін жағдай жасады.

Мотоатқыштар батальонының командирі майор Қайыржан Текебаев атап өткендей, жауынгерлік атыстарды жүргізу кезінде басты назар дұрыс тактикалық іс-қимылдарға, қаруды ұрыста шебер және тиімді қолдануға, бөлімшелердің атысын басқаруға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға аударылады.

— Әскери қызметшілер өзара іс-қимылды ұйымдастыру, бөлімшелердің атысын басқару мәселелерін пысықтайды, сондай-ақ жауынгерлік машиналарды орнынан және қозғалыста жүргізу және ату шеберлігін арттырады, — деп толықтырды майор Қайыржан Текебаев.

Айта кетсек, осы апта ішінде білім алушылар тактикалық, инженерлік, әскери-медициналық дайындық, жауынгерлік машиналарды жүргізу, түрлі атыс қаруларынан, гранатометтерден және жауынгерлік машиналардан ату бойынша нормативтерді пысықтайтын болады.

Взводтардың жауынгерлік атыстары взводтарды үйлестірудің соңғы кезеңі болып табылады және олардың жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайындық дәрежесін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі