Түркістан облысында жолаушылар мінген автобус жол апатына ұшырап, екі адам мерт болды. Жол-көлік оқиғасы 7 тамыз күні сағат 18:00 шамасында республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 720 шақырымында болған.
Оң дөңгелегі жарылған Van Hool автобусы тас жолдың екі жағын бөліп тұрған темір қоршауға соқытығысқан. Осыдан кейін автобус өз жолағымен қарсы бағытта келе жатқан MAN жүк көлігінің артқы тіркемесіне соғылған.
Салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында, ал ауруханаға жеткізілген автобустағы 18 жолаушының бірі жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Автобус Жетісайдан Астанаға жолаушылар тасымалдаған. Дәл қазіргі уақытта жол көлік апатының мән жайы анықталуда.