Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар жазаланады

26

Күнгей өңірде жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 130 дерегі тіркелді. Сондықтан 11 кәсіпкер өзінің пайдалы қазбаларды қазып алу туралы келісім шартынан айырылды. Қазір табиғат аясын қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 130 дерегі тіркелді. Анықталған жайт бойынша сараптама жүргізу үшін іс экология департаментіне жолданды. Сонымен қатар, тексеріс барысында 11 кәсіпкердің келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал Ордабасыда тіркелген 4 жағдай бойынша ҚР ҚК-тің 334 бабы негізінде тергеу жүріп жатыр.

Бағланбек Айтпаев, ТО ПД бастығының бірінші орынбасары: «Іс-шара барысында арнайы тұраққа 90 жүк көлігі және 13 арнайы техника қамалды. Өткен жылдан қалған өндірісте 16 іс бар. Қазір Алматыға зерттеу институтына жібердік жауабын күтіп отырмыз»

Өңірде 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндірумен айналысады.

Нұржігіт Мырзахметов, ТО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы: «ҚР ИИДМ берген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 келісім шарт бар. Созақ ауданында 10 кен орны бар. 6 кен орны алтын өндіреді. 2 кен орны фосфорит өндіру жұмыстарымен, 1 кен орны көмір барлау, Кентауда 2 кен орны барит барлау, Түлкібас ауданында 1 орын темір барлаумен айналысады»

Алайда заңды рұқсат қағазы бар кәсіпкерлер бекітілген аумақтан тыс жердерді қазуға көшкен. Сондықтан облыс басшысы мамандарға қатаң түрде тексеріс жүргізу керектігін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл мәселе не үшін болып жатыр? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде – бір заңсыз карьер болмас еді. Олардың жұмысын біржолата тоқтату керек. Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындар заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып жатыр. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардтаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас – талқанын шығарып жатыр. Оларды қорғағандардың өзін қылмыскер деп санаймын».

Арыстағы 3 жер қойнауын пайдаланушы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумағында қазба жұмысын жүргізген. Тағы 5 ауданда кен орны су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты жұмысын тоқтатты. Оларға табиғат аясын қайта қалпына келтіру жұмысы тағайындалды.