Түркістанда 1 сыныпқа 51 мыңнан аса оқушы барады

23

Түркістан облысында биыл 51 мыңнан аса оқушы 1 сыныпқа барады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мыңға тарта мектеп 100 пайыз камерамен қамтылды. Алайда жылыту маусымына дайындық жұмысы әлі аяқталмады.

 

Биыл Түркістан облысында 51 мыңнан аса оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2000-ға аз. Ал бастауыш сыныпта оқитын 188 мыңға жуық бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған қоса жауапты мамандар бала қауіпсіздігі басты назарға алынғанын айтады.

Бейсенбай Тәжібаев, ТО әкімінің орынбасары: «Облыстағы мемлекеттік 936 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмаларымен қамтылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс білім беру ұйымдары күзет фирмаларымен келісімшартқа тұруда. 573 мекемеге күзет қойылады. Қазір 70 пайызы аяқталды. Барлық жұмыс 28 тамызға дейін аяқталады».

Күнгей өңірде 33 білім ошағы салынып жатыр. Оның бесеуі 1 қыркүйекке дейін ел игілігіне беріледі. Жыл соңына дейін тағы 14 мектеп құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Қазір жаңа оқу жылына дайындық жұмысы қарқын алды. Сондықтан шенеуніктер әр кезең сайын мониторинг жүргізіп жатыр.

Ғалымжан Алматов, ТО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы: «Департамент тарапынан жүргізілген мониторинг келесі көрсеткішті қамтиды. Басты назарға балалардың қауіпсіздігі, мектеп құралдарымен қамтылуы, білім деңгейі, жөндеу жұмысының жүргізілуі алынды».

Облыста 28 білім ұясы газбен жылытуға көшті. Қазір білім беру мекемелерінің жылыту жүйелері гидравликалық сығымдаудан өтіп жатыр. Жұмыс барысын шолып шыққан облыс басшысы жұмыстарды өз уақытымен бітіруді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Сабақтың басталуына 10-ақ күн қалды. Жылу жүйелеріне жөндеуді ертерек бітіріңіздер. Мектептер толық сақадай сай тұруы керек»

Айта кетейік, әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін мектеп формасы және оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 316 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған санаттағы 32 мыңнан аса балаға 40 567 теңгеден қаралып, ата-аналарының шоттарына қаржылай аударым жасалды. Оған қоса «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мыңнан астам оқушы қатысады.