Үшінші мегаполис спортшылары халықаралық спорт аренасын бағындыруға дайын

40

Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялар орталығында қалалық спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Жиында басшы шымкенттік спортшылардың жетістіктері мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа спорт нысандары туралы да айтып өтті.

Бүгінде Шымкентте мыңнан астам спорт нысандары болса, оның 150-і жекеменшік иелікте. Биыл спорт ғимараттарының қатарын үстел теннисі спорткешені, жаңа атшабар мен № 20 мектептің жаттығу кешені толықтырды. Жыл соңына дейін тағы 2 спорт нысаны іске қосылмақ. Атап айтқанда демеушілердің көмегімен «Sport life» футбол орталығы, ал мемлекет қаржысына №12 спорттық мектебінің қосымша корпусы бой көтереді. Басқарма мамандарының сөзінше, жаңа объектілер шымкенттік спорт сүйер қауымның жаңа белестерді бағындыруына сеп болмақ.

Бауыржан Тұманбаев,  Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы: «ҚР чемпионаттарында біздің спортшыларымыз әр түрлі спорт түрлері бойынша қатысып, қазіргі таңда 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алған. Жалпы 1122 медаль. Және Азия чемпионаттарының 6 айда қорытындысы бойынша, 31 алтын, 45 күміс және 35 қолаға қол жеткізді. Және әлем чемпионаттарында да 6 алтын, 5 күміс және 7 қола медальға ие болдық».

Халықаралық аренада түрлі спорт түрлері бойынша 1 111 спортшы өнер көрсетеді. Яғни, ҚР ұлттық құрамасында 427 шымкенттік, ал жастар құрамасында – 353 , жасөспірімдер құрамасында 331 спортшы бар. Қазіргі уақытта бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар аударылуда. Биыл жергілікті бюджеттен спорт үйірмелерін қаржыландыруға 2 млрд 323 млн теңге бөлінді.

Бауыржан Тұманбаев,  Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы: » 6 айдың қорытындысы бойынша бір еңбегі сіңген спортшы шебері дайындалды. 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 70ҚР спорт шебері, 178 спорт шеберіне үміткер -спортшылар дайындалды».

Алдағы уақытта жауаптылар қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды спорттық іс-шаралар өткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар қала жастарының танымал спортшыларымен бірқатар кездесулерін ұйымдастыру да жоспарда бар. Мұның барлығы үшінші мегаполис халқын салауатты өмір салтын үйрету мақсатында ұйымдастырылмақ.