Шымкенттегі «Жайлаукөлде» қолтырауын бар ма? Қала тұрғындарының бірі мұндағы көлден қолтырауын көргенін айтып видео түсірген.
Шымкенттегі «Жайлаукөлде» қолтырауын жүр деген видео әлеуметтік желіні дүрліктірді. Желі қолданушыларының пікірінше ол зообақтан қашып кеткен қосмекенді. Алайда мекеме басшылығы мұны жоққа шығарды. Мұнда 5 қолтырауын бар. Олар қашан да қызметкерлер бақылауында екен.
Раиса Долгова, Шымкент қалалық зообағы террариум бөлімінің меңгерушісі: “Менің мұнда жұмыс істеп жатқаныма 40 жылға таяды. Алайда жануарлардың бұл жақтан қашып кеткенін көрген емеспін. Оның үстіне террариумда тұратын қолтырауындар өз еркімен сыртқа шыға алмайды. Біздегі қолтырауынның бәрі өз орнында тұр. Мұндай ақпарат қисынға келмейді”.
Ал «Жайлаукөл» демалыс аймағының әкімшілігі жасанды көлдегі су Төлеби ауданындағы бұлақтан ағып келетінін айтады. Сондықтан су мұздай, суық. Ал суық суда бауырымен жорғалаушының өмір сүруі мүмкін емес дейді. Және Жайлаукөл суы жиі тексерілетінін айтты.
Асылбек Абдуллаев, «Жайлаукөл» демалыс аймағының бөлім басшысы: “Ондай ақпарат жалған. Қолтырауын жоқ. Оның үстіне қолтырауын жүретіндей Шымкент Африка емес қой. Біздің жақ оларға суық болады. Біз әр кез сайын тексеріп, балықтарды ауыстырып тұрамыз. Ол кезде артық ештеңе көрген емеспіз”.
Демалыс аймағы қызметкерлерінің айтуынша көлде балықтар көп. Олар кейде шоғырланып жүреді. Келуші соны көріп қолтырауын деп ойлап қалған болуы мүмкін деп топшылайды.
Әсел Мәлік