«Жастар күніне» орай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Шымкентте «Жастар күніне» орай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жыл басынын бері 35-ші рет өткізіліп отырған іс-шарада 35 мекеме 4 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды. Биыл Шымкентте 16 мыңнан аса жасты жұмыспен қамту көзделсе, бүгінде оның 13 мыңға жуығы екі қолға бір күрек тапқан.

Оқу орнын биыл ғана тәмамдаған Бағлан Айдар бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіпті. Жас маман – музыка пәнінің мұғалімі. Оқу жылы басталғанша жаңа жұмыс орнына орналасып алуды жоспарлап отырған ол «Жастар практикасы» бағдарламасы қызықтырып отырғанын айтады.

Бағлан Айдар, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мамандығым – музыка мұғалімін даярлау. Осы мамандығым бойынша қазір жұмыс орнын іздеп жүрмін. Енді көріп жатырмыз. «Еnbek.kz» порталын, «Жастар практикасын» көріп жатыр қазір. Солармен танысып, ыңғайлысын қарап отырмын өзіме.»

Жыл басынан бері 35-ші рет өткізіліп отырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі «Жастар күніне» орай ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі іс-шараға оқу орнын жаңа бітірген және жұмыс іздеп жүрген жастар қатысты. Ал оларға қаржы, педагогика, өндіріс және қызмет көрсету салалары бойынша 35 мекеме 4 мыңнан аса уақытша және тұрақты жұмыс орындарын ұсынды.

Жұлдыз Балтабаева, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының басшысы: «Бұл жәрмеңкенің мақсаты – қаламыздағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту және жұмыс берушілерге жақсы мамандар табуға жәрдемдесу. Бүгінгі жәрмеңкеде 35 мекеме бос жұмыс орындарын ұсынуда. Тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынудамыз. Бүгінгі ұсынған мамандықтарымыз бір апта көлемінде актуалды болып табылады. Бүгін жәрмеңкеге үлгермеген жастар қаламызда орналасқан 5 «Мансап» орталығына барып, тұрақты жұмыс табуға мүмкіндіктері бар.»

Биыл мегаполисте 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру көзделсе, бүгінде 13 мыңға жуығы өз жұмыс орнын тапқан. Айта кетейік, кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі 18 тамыз күні сағат 11:00-де өтеді. «Тең қоғам» ортылығында ұйымдастырылатын іс-шараға мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.