Жазғы универсиадада М. Әуезов атындағы ОҚУ-нің студенті үздіктер қатарынан табылды

87

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадасында қазақстандық спортшылар тамаша нәтиже көрсетуде. Тартысты жарыста Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті үздіктер қатарынан табылды. Күміс жүлдеге ие болған Диана Тұрсынбекті туыстары мен қала ұстаздары қуанышпен қарсы алды.

Дүниежүзілік универсиадада күмісті еншілеген Диана Тұрсынбек 10-жылға жуық садақ ату спортымен айналысып бүгінде еңбегінің жемісін көруде. Жас спортшының айтуынша, шетелде өзге де спортшыларымен бақ сынасу аса қиындық тудырмаған. Себебі айтулы додада үздіктер қатарынан көрінуге бұрыннан дайындалған екен.

Диана Тұрсынбек,  дүниежүзілік жазғы универсиадасында садақ атудан күміс жүлде иегері:
«Жеңісім үшін өте қуаныштымын. Мұндай нәтиже болады деп күтпедім. Қарсыласым оңтүстік кореялық қыз болды. Бүгінде жүлдеге ие болуым бас тренерім Рустам Қарабаев, жеке тренерім Лим Анна мен отбасымның арқасында. Менің категориям бойынша 60-қа жуық спортшы қатысты. Алдағы уақытта Олимпиада, Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болғым келеді».

Қазірде 31-ші Жазғы универсиадада ел құрамасы қоржынында төрт күміс медаль бар. Мұнда 93 қазақстандық спорттың 11 түрінен, яғни, садақ ату, оқ ату, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, дзюдо, көркем гимнастика, үстел теннисі, таеквондо, у-шу, жүзу, семсерлесу бойынша бақ сынасып жатыр. Ел құрамасы қазақстанның 26 жоғары оқу орнының студенттерінен жасақталған.

Эльмира Рахимжанова, Диана Тұрсынбектің анасы:
«Диана 10 жылдан бері садақ ату спортына қатысады. Бұл спорт түрін өте қатты жақсы көреді. Бастапқыда қызым осы садақ ату үйірмесіне қызығышулығы жоғары болған соң қатысып жүрді. Кейіннен кәсіби түрде айналысып, бүгінде керемет жеңіспен оралды. Анасы ретінде қызымның барлық бастамаларын қолдаймын. Сондықтан да барлық спортшыларға тек жеңіс тілеймін. Діттеген мақсаттарына сүрінбей жетсін».

Диана Тұрсынбек бүгінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің 3 курс студенті. Ел намысын қорғау үшін аянбай еңбектеген спортшының жүлдесімен факультет деканы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сапаркүл Еркебаева,  М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің деканы:« Тұрсынбек Диана қызымызбен мақтан етеміз. Өйткені ол Қазақстанның туын, жалауын аспанда желбіретіп, елімізді әлемге танытып келген қызымыздың бірі. Диана спортпен білімді қатар алып келе жатқан білімді, білікті маман иесі. Университетіміздің ректоры Дария Пернешқызының 35 атаулы шәкіртақы иесі атанған студент. Сондықтан мен Тұрсынбек Дианадан көп үміт күтемін».

Спортшы 10 жылға жуық уақытын садақ ату залында өткізіп, нағыз кәсіби маманға айналды десек артық айтқандық емес. Міне қазіргі уақытта жас спортшының арманы орындалып, халықаралық дәрежедегі жүлдеге ие болып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Диана 2022 жылы Самарқандтағы Халықаралық турнирде 2 орын, ал биыл Талдықорғандағы ҚР Чемпионаты мен Шучинсктегі 6 шы ҚР Спартакиадасында 1 орынды алған.