Жетісай ауданындағы Жаңаауыл және Жылысу ауылдарында 11 мың гектар мақта алқабына су жетпей отыр. Шаруалар алқапқа бірер күнде су бермесе, өнім түгел қурап қала ма деп алаңдаулы. Ал жауаптылар болса, проблеманың себебі — Өзбекстаннан келетін Достық каналындағы су көлемінің азайып кетуінде екенін айтады.
Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауылындағы мақта алқаптары бір айдан бері суғарылмай, салдарынан мақта қурап барады. Мақтаның биіктігі осы уақытта бір метрден асуы керек болса, қазір олар 20-30 см ғана өсіп тұр. Жергілікті шаруалардың бірі Нұрхан Артықов биыл 25 гектар жерге мақта еккен. Еткен еңбек еш кетеді деп алаңдаған ол ерте көктемнен бері мақта алқабы бірде бір рет суғарылмағанын айтады.
«Қазір біз мақталыққа «селитра» бергенбіз. Соның күшімен ғана тұр. Су жоқ. Былтыр да өнім ақтады деп айта алмаймыз. Өйткені мақтаның бағасы өте төмен болды. Ал биыл да сол баға болатын болса, мынандай өнімменен біз тағы да банкрот боламыз»,-деді шаруа Нұрхан АРТЫҚОВ.
Жетісай аудандық Мақташылар одағының төрағасы Марат БҰХАРОВ болса Жылысу ауылдық округінде мәселен 20 мың гектар жердің 16 мың гектары әлі су ішпегенін айтты.
«Халық шулап, еккен егістері күйіп бара жатыр. Биыл да барлық нәрсе қымбат. 1 га жердің шығыны 350-400 мың теңгеге шығып жатыр. Өйткені дәрісі, селитрасы, соляркасы, суы да қымбат. Ал бұл кісілер банкротқа кірді десе де болады»,-деді Марат БҰХАРОВ.
Қазір Өзбекстанның Достық каналынан секундына 38 текше метр ғана су келеді екен. Ал шаруаларға одан екі есе көп керек. Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы 45 мың гектар мақта алқабының 60 пайызы ғана суғарылған. Егістікке миллиондап қаржы салған шаруалар шығынға бататын болдық деп күйініп отыр.
«Шаруалардың 30-ақ проценті су ішті ғой. Әлі бүгінгі таңға К-216 каналында 330-ақ гектар су ішті. Әлі мың гектар жер бар. Ол қашан су ішіп болады? Осы су жөнінде біздің айтпаған жеріміз қалмады. Мынау облыстық, аудандық су шаруашылығы, ауданның ауылшаруашылығы бөлімі бәрі біледі. Содан бері суды әне-міне дейді, бірақ келіп жатқан су жоқ»,-деді өндірістік кооператив төрағасы Орынбасар СӘРСЕНБАЕВ.
Осы мәселеге орай арнайы комиссия құрылып, «Қазсушар» мекемесінің мамандары шаруалармен кездесті. Олар Экология министрлігі Өзбекстан тарапынан 35 текше метр су сұрап хат жолдағанын жеткізді.
«Су тапшылығы жалпы Қазақстанда емес, бүкіл осы Сырдария өзенінің бойында болып отыр. Оның бастау алатыны мынау Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасы. Одан кейін Қарақұм су қоймасындағы су тапшылығына сәйкес қазір кесте қойылды. Бұл жерде транзитпен жетпеген суды аударып, тиісті каналға жеткізу жұмысы жүргізіледі»,-деді «Қазсушар» МКК ТФ директорының міндетін атқарушы Асқар ҚЫСТАУБАЕВ.
Қазір Шардара қоймасынан су жеткізетін каналдың екі насосы қосылып, 10 текше метр су беріле бастады. Сондай-ақ күріш алқаптарына жіберілетін су уақытша тоқтатылып, Жылысу мен Жаңаауыл елдімекендеріне қарай бағытталды.