Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Ерсайын Хамитов брифингте мәлімдеді. Спикердің айтуынша, ҚР ҰҚК Шекара академиясының 6 айлық оқу курсына азаматтарды қабылдайды. Курс 2024 жылдың 1 наурызынан 1 қыркүйегі аралығында өтпек.
— Бұл жұмыссыз жүрген жастарға үлкен мүмкіндік. Басты талаптар — ҚР азаматы болуы, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, кез келген мамандықтағы жоғарғы білімі болуы керек. Мамандығы бойынша орташа балы GPA шкаласы бойынша 2,67-ден жоғары, жас ерекшелігі 30-ға дейін болуы шарт. Сондай-ақ, әскери билет, яғни мерзімді әскери қызметін атқарған болуы тиіс, — деді Ерсайын Хамитов.
Шекара қызметіне даярлайтын 6 айлық оқу курсында төрт бағыт қарастырылған. Олар: тәрбиелік және идеологиялық, шекаралық бақылау, байланыс және ақпараттық технологиялар, материалдық және техникалық қамтамасыз ету.
Сонымен қатар оқу барысында үміткерлер жатын орын, киім және тамақпен толық қамтылады. Оқу курсы аяқталған соң 100% жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектер кемінде 300-350 мың теңге жалақы мөлшеріндегі жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.