Алдымен неке жүзігі: 1,5 млн. теңгенің алтынын ұрлаған бала күтуші ұсталды

23
фото opennews.kz

Абай аудандық полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында жатын бөлмесіндегі шкаф ішінен құны 1 млн 500 мың теңге тұратын алтын әшекейлерінің жоғалғанын жеткізді.

Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды. Істің мән-жайын нақтылау барысында сол үйде бала күтімімен айналысатын 19 жастағы қыз күдікке ілінді.
Тәртіп сақшылары, шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні Абай АПБ-на жеткізді. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша іс қозғалды.
Белгілі болғандай, жас қыз әуелі үй иесінің неке жүзігін ұрлап, сатып жіберген. Кейін, сөредегі алтындарға көзі түсіп, оны да қаладағы базарларға апарып өткізгені анықталды.
Күтуші өз кінәсін толық мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші келтірген материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты, азаматшаға кешірім берді.