Аталарымның рухына тағзым етемін

21

Бисмиллаһир-рахманир-рахим.
Күллі мадақ бір Аллаға лайық. Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі әлемдердің асыл төресі Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына болсын! Əлдекім Аллаға көркем қарыз берсе (тиісті орынға мал жұмсаса), сонда Алла оны неше есе арттырады да, оған көркем сауап береді «Шура сүресі;23»
Осы естелігімді Бекмырза Ахметбек атама, Өрік әжеме, Елемес, Аңламас көкелеріме, ағаларым Бәкір, Сартбайға, Әділбекке, Арапбайға, аналарым Алтын, Айзада, Ділдәкүл, Қарашаш, Ажар, әпкелерім Орынтай, Зүлфия, Қанаш,Палыкүл, Әлімазар, Тәжімақан-Ділдәкүлге арнадым.

Атам Бекмырза Шілік өңіріне танымал ауқатты адамдардың бірі болыпты. Әйелі алтыбас руының қызы Өрікпен екеуі екі ұл (Елемес 1900 жылы, Аңламас 1905 жылы), екі қыз тәрбиелеп өсірген. Елемес көкем, әкем Аңламас жастайынан білімге құштар, елге қызмет етуге құштар болыпты.

Бекмырза көкем саудамен айналысқан сауатты адам болыпты. Ташкеннен зат әкеліп, сауда ісімен айналысқан. Жыл сайын өтетін Қоянды жәрмеңкесіне зат апарып, сауда жасап қайтады екен. Бір жолы баласы Елеместі ерте барады. Осы жолы Елемес Қоянды жәрмеңкесінде атақты балуан Қажымұқанмен танысады. Қажымұқан ”Менің апам Айсары:“Біздің еліміз киелі Түркістанның жанындағы Шілік, Ақтөбе деген жерде. Сенің барлық туыстарың сол жақта. Есейгенде еліңді тап” деп көп айтушы еді”,- дейді. Бұлардың Шіліктен екенін білген соң елдің жайын көп сұрастырады. Бекмырза Қажымұқанға әкесі Мұнайтпастың туған інісі Тәшімнің, басқа ағайындарының Шілікте тұратынын айтып береді.

Елемес Бекмұрзаев Түркістан (қазіргі Отырар) ауданындағы Шілік ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек болған ауыл медресесінде білім алған соң, Өзбекстанға барып оқиды. Арабша өте сауатты, хат таныған. Жастайынан Нұртас Ондасыновпен бірге жүрген, бірге дәріс тыңдаған. Айнымас досы болған. /1937 жылы естелікке түскен фотосуреті қалды/. Кеңес Үкіметі тұсында Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында білімін жетілдірген. 1925 жылдан 1962 жылға дейін сауда мекемелерінде қызмет істеген. Сельполарда бастық болып жүргенде Мәскеудегі “Центрсоюзға” мүше болған. Жиі-жиі Мәскеуге барып есеп беріп тұратын. Онда жастайынан бірге өскен досы Нұртас Оңдасыновтың үйінде болып, жастық шақ, қызмет жайында әңгімелесетін. Елден хабар беретін.

Шәуілдір аудандық (Отырар) тұтынушылар қоғамының бастығы болып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталады. 1946 жылы елге оралып, Сарыағаш ауданындағы Полторацкое сельпосына бастық болып келгенінде, соғыстан әбден қалжыраған бұл елді мекенде дені дұрыс сауда нүктелері жоқ болатын. Елеместің іскерлігінің арқасында бір-екі жылдан кейін алғашқы көлік пайда болады. Сол жалғыз машинамен бір өзі Ташкент, Сарыағаш, Шымкенттен тауар тасыды. Құрылыс материалдарын да жеткізді. Замандастарының, қарамағында қызмет істегендердің айтуына қарағанда, ол кісі бір затты өз пайдасына алмайтын, өзгелердің де адал болуын талап ететін. Әр ісінде, мінез қасиетінде, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейілді екені сөзі мен ісінен көрініп тұратын.

Көкем тұтынушы одағынан тауарларды өзі бөліп беретін. Бірде Шымкентте заттарды көлікке тиеп жолға шығады. Қазығұрт асуында көлік бұзылып, асудан өте алмайды. Сонда көкем қосымша бөлшектерді сатып алуға жүргізушіні Черняевкаға жібереді. Өзі заттарды күзетіп қалады. Асудағы суықтан барлық денесі үсік шалып, Ташкенттегі Полторацкий ауруханасына түседі. Мен онда педагогикалық училищеде оқитынмын. Көкемнің ауыр халде екенін естіп, ауруханаға барсам басы, көзі, қолы, денесі, аяқтарын дәкемен орап тастаған. Жансыз сияқты. Менің келгенімді сезіп, басымды кеудесіне басып жұбатты. Жылағаным сонша, дауысым шықпайды, өксимін. Бір кезде көкем басымды сипады. Бетіне қарасам, кірпігі көрінді. Басымды көтере алмаймын. Қол-аяғым дірілдейді. Көкем «Әкемнен айырылып қалдым. Енді менен де айырылып қалам ба деп қорықтың ба?-Мен аманмын» дегенде қайта басымды кеудесіне тыға түстім. Көзім ісіп, құлағым шуылдап кетті…

1950-1960 жылдары арасында Елемес Бекмұрзаевтың басшылығымен үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, “Жібек Жолы” ауылының сәнін кіргізетін универмаг, мейрамхана, сауда дүкендері, шеберхана, бірнеше асхана салынды.Кадр мәселесіне де қатты көңіл бөліп, жастардың білім алуына жағдай жасап, оларды Алматы, Қарағанды қалаларына оқуға жіберіп отырды. Жергілікті тұрғындардың арасында аспаз, шаштараз, киім тігуші, сағат шебері, сатушылар мен есепшілердің көбеюіне мүдделілік танытып, олардың үй-жай алуына көмектесіп отырды.

Елемес Бекмұрзаев көпшіл болуымен қатар жұртқа көмектесуге, қамқор болуға әзір тұратын жан еді. “Дін апиын” деп ұзақ жыл дінімізді аяқ-асты еттік. Ар мен жанның тазалығы, адамгершілік атаулыдан көбіміз адасып қалдық та. Елемес зейнеткерлікке шыққан соң Ислам дініне, имандылыққа көңіл бөлді. Мешітке арнайы келіп, бес уақыт намазын оқитын, тәңірге құлшылық ететін. Тілегі бір мұсылман қауымын тәртіпке, тәрбиеге, имандылыққа шақырып, бейбітшілік рухта ұрпақты тәрбиелейтін қасиетті орын екенін насихаттапты. “Жібек жолы” ауылынан мешіт салуға өз учаскесінен жер бөліп берді. Оның құрылысын жүргізу үшін жоғары жаққа жүгіріп, халықпен жүздесіп, мешіттің болашақ ұрпағымыз үшін қажеттігі жөнінде діни уағыздар айтып, мешітке қол ұшын берулерін өтінді. Мешіт құрылысын да бітірді.

Алланың мұнысына шүкіршілік, қарттар болсын, жастар болсын имандылыққа бұрылып, бүгінде намаз оқушылардың саны күннен-күнге көбейіп, жемісін бере бастады. Мешіт ішінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өміржолы, “Мың бір хадис” т.б. шариғат жолдарынан оқылып, уағыздар айтылады.

 

Иә, Елемес Бекмұрзаев шыққан биікке әркім де шыға бермейді. Еткен еңбегі зая кетпеді. Ұлы Отан соғысына қатысқаны және бейбіт еңбекте тер төккені үшін бірнеше орден, медальдармен, мақтау қағаздармен марапатталған. Осындай азаматтық қасиеттерін құрмет тұтқандықтан болар, жергілікті тұрғындардың өтінішімен “Жібек жолы” ауылындағы бұрынғы “ Комсомольская” көшесі Елемес Бекмұрзаев атындағы көшеге өзгертілді. “Ғалымның артында хаты, жақсының артында аты қалады” деген осы екен деп еске алады Захира апа.

Адамдарға деген ізгілік, елгезектік қасиеттерімен үлгі бола білген Елемес жалғыз қызының адам жанының арашашысы-дәрігер болуын қалаған. Әке арманы орындалып, Нәзирасы алғаш Шымкенттегі медучилишені, кейіннен Ташкенттегі медицина институтының Қызыл дипломын алып келгенде, Елемес ақсақалдың қуанышында шек болмаған еді-ау. Табиғи тумысынан жаны жайсаң, мінезі сабырлы, сыпайы ақ халатты абзал жан Нәзираға көпшілік те үйір. Оған жан сырымен бөлісетін, ақыл-кеңес сұрап келетін қыз-келіншектер де өте көп болды..

Аяулы ана үшін балаларының өз орнын тауып, дендері сау болып, өмірге ұрпақ әкеліп, өз несібе-ризығын тере алатын білімді де, білікті, тәрбиелі де, тәртіпті болып өскенін көргеннен артық бақыт жоқ шығар. Назира Елемесқызы жары Сағатпен бірге үш қызды перзентін жеткізіп, оқыту да ерлікпен пара-пар емес пе?! Айгүл мен Орынкүл апа жолын қуып Шымкентегі медакадемияға, Жұмагүлі Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-да математик-информатика мамандығы бойынша дәріс алды.»Адам өмірі-ең керемет, ештеңеге айырбастамайтын дүние. Адамдарға жақсылық жасап, артыңнан жаман сөз ермейтіндей өмір сүру керек. Мақсатыма адал еңбегіммен ғана жетемін»,-деп үнемі айтатын Назира Елемесқызы.

Умраға барғанда

Алланың қалауымен Умраға барғанша бірінші ойым Елемес көкеме Умра қажылықты атап, қажылық парыздарын өтеуді ниет еттім.

«Аллаһу Ақбар! Аллаһу Ақбар! Бекмырза ұлы Елеместің Умра қажысын орындауға», деп 7 рет қағбаны айналып, көкемді еске алып, көз жасымды төгіп жүріп өттім. Қасымдағы қара нәсілді азаматтан қалай істеу керек екенін сұрап, барлығын орындап біткен соң тиісті орынға барып, екеуміз Елемес көкеме арнап құран оқыдық. Алла қабыл етуін сұрап, өз-өзіме келіп, жеңілдегендей болдым. Жол серігіме 100 доллар беріп, Алланың ризашылығы үшін қабыл ет дедім. Көкемнің иманы саламат, жаны жаннатта болсын. «Жақсының жақсылығын айт. Нұры тасысын» деген осы екен, дейді Захира әжей.
«Кім Аллаға көркем қарыз берсе (Алла жолында ықыласпен мал жұмсаса), сонда Алла ол үшін көптеген есе арттырып береді. Алла тарылтады да кеңітеді. Әрі Ол жаққа қайтарыласыңдар. (2:245)»

Сұрапыл соғыстың өрті шарпымаған қазақтың шаңырағы болмаған шығар.
Сұм соғыс талай балаларды жетім, талай әйелдерді жесір еткені бүгінгілерге тарих болса, сол кезеңнің адамдарына өкінішке толы шындық болды. Осы жетімдіктің дәмін сезген балалардың ішінде мен де бармын. Әкем ерте кезде соғысқа аттанғандықтан, оның түр-тұлғасы мен үшін әзірге дейін елес секілді. Әйтеуір анам Айзаданың баяндауымен ғана, оның қандай жан екенін ойша кескіндеп отыратынмын. Анам «әкең елге сыйлы, көпшіл, бауырмашыл еді» деп үнемі айтып отыратын.

Әкем Аңламас Бекмырзаұлы Отырар ауданы Шілік ауылында туылған. Ауылдағы медресе, Ташкент, Қызылордадағы рабфакта , Ташкентте САГУ-де білім алады. Алғашқыда аудандық партия және атқару комитеттерінде уәкіл және басқа әртүрлі жұмыстар атқарады. 1936-38 жылдары Дарияның ар жағындағы «Шеңгелді» орта мектебінде директор болып істейді. Осында 1937 жылғы 12 желтоқсаннан сайлау комиссиясының төрағасы және халыққа білім беру мен қыз-келіншектердге, » Қызыл Отау» үйірмелерін ашып, ауыл адамдарының сауатын ашуға еңбек еткен. Кейін Шілікке келіп. мектепте математика пәнінің мұғалімі, артынан Ақтөбедегі мектепке директор болып ауысады. Осында жүргенде соғыс басталып, 1942 жылы соғысқа аттанады.
1942 жылы әскерге шақыртылады. Анам:“Әкеңді соғысқа аттандырарда Қажымұқан Ақтөбе-Шіліктің арасындағы бір көгалды жерге Бөген өзенінің жағасына 5-6 киіз үй тіктіріп ауылдағы ағайынды, сал-серілердің басын қосып, соғысқа кетіп бара жатқандарға арнап ас беріп, жұрттың көңілін бір көтеріп тастағаны әлі ел есінде. Сол жерде ақсақалдар Қажымұқанның ойнап жүрген баласы Айдархан мен менің балам Жанәділді күрестірмек болып, екеуін алыстыра бергенде Жанәділ Айдарханды жығып, иығын жерге тигізеді. Аңламастың баласы жеңді деп жұрт ду ете қалады. Қонақ асынан соң, әкең Аңламас Арыстың соғыс комиссариатына жаяу кетіп, біз үйге қайттық. Бірақ үйге келгеннен Жанәділім қатты ауырып, енем тез Қажымұқанға түкіртіп кел деп аттандырып жібереді. Қосқа келсем, Қажымұқандар Ақтөбеге көшіп кетіпті. Ол жер 4-5 шақырымдық жер болған соң, балам Жанәділ жолды көтере алмай, қайтыс болады. Сұлқ түскен баланы көтеріп, шаршап-шалдығып артқа қайтып, үйге әрең жеттім. Әкең сол кеткеннен қайтып оралмады. Ал Қажымұқан әжең мен мені жұбатқансып келіп-кетіп көңілімізді аулап жүрді. Бір келгенінде енеме әйелім ұл босанды атын Жанәділ қойдым, Аңламас келгенде мынау сенің ұлың деп жұбатқансып айтып жүрді ғой”- деген естеліктері әлі есімде .

Әкемнің дауысы көкейімде

Аңыраған ана, етегі жасқа толғаны жесір әйел, жетім бала қалдық. Әжем баласын аңсаса, анам жарын аңсаған күйі өмірден өтті. Екеуінің бос үмітпен өткен ғұмырын көріп мен іштей тынып жүрдім. Екеуінің де басы-қасында болып-ақ жуып, арулап мәңгі спарға аттандырдым. Дегенмен, олардың өмірі әлі күнге дейін өзегімді өртейді.
Солардың арманын орындау мақсатында, перзенттік парызымды өтеу мақсатында соғыстан соң арада қанша жыл өтсе де, әкемді жылдар бойы іздеуден бір шаршамадым. Хатында «Бағытым-Сталинград майданы» дегенін ескеріп, Сталинград майданы туралы деректер мен тізімдерден іздеу салып жүрдім. Іздеген табады демекші, араға 75 жыл салып, мұрағаттардан, ғаламтор арқылы Ресейдің іздестіру тобына, мұрағатына қайта-қайта талмастан хат жазуымның арқасында әкем туралы дерек таптым. 2017 жылы Ресейдің Саратов облысы Балашов қаласының «За Родину» іздестіру тобының басшысы Евгений Парыгиннен хат алдым. «Анламас Бекмурзаев был призван Арысьским райвоенкоматом Чимкентской области Казахстана и направлен в 110-й гвардейский стрелковый полк Краснознаменной дивизии. 20 января 1943 года в ходе наступательной операции многие бойцы были ранены. Санитарный поезд 30 января доставил гвардии рядового А.Бекмурзаева с многочисленными пулевыми и осколочными ранениями в Эва Госпиталь №3635 в село Репное. Более трех месяцев врачи и медсестры боролись за жизнь солдата. Герой был похоронен на Репнинском кладбище 18 мая 1943 года. А в 1967 году останки 939 советских воинов были перезахоронены с сельского кладбища в Братские могилы. Над ними шефствуют администрация Репинского муниципального образования и местная школа”.

Осы хабарды алысымен 80 жасымда жолға дайындалдым. Гранит тасқа Құранның Фатиха сүресін жаздырып, туған жердің бір уыс топырағын алып, ұлым Әлішер мен немерем Сымбатты ертіп 2017 жылдың 29 сәуір күні жолға шықтым. 2017 жылдың 1 мамырында Ресейдің Саратов облысы Балашов ауданы Репин ауылына жеттік. Бауырластар зиратындағы гранит тастағы тізімде тұрған “Бекмурзаев А.” деген жазуды оқығанда ерекше сезімде болдым. Әкемнің туған жерінен алып барған бір уыс топырақты салып, құлпытастың жанына Фатиха сүресі жазылған гранит тасты қойып, әке рухына арнап құран бағыштадым. Шөбересі Сымбат гүл шоғын қойды.

Әкем соғысқа кеткенде ата-әжем мен анамның жанында қалған бүлдіршіннің бірі- мен едім. Аякөзде үш ай дайындықтан кейін майданға аттанған әкесінің жолын Темір стансасында туған-туыс, отбасымен бірге үш күн күткен кезін ұмытпайды. Бір күні әкемнен “Біз Темір стансасынан өтеміз. Барлығың мені келіп көріп қалыңдар” деген хабар келеді. Шілікте тұратын едік. Әскерден өткендерді көру үшін стансаға келдік. Ол кезде барлық пойыздар, соғыстан қайтқандар да кетіп бара жатқандар да, бәрі-бәрі осы станса арқылы өтеді. Әкеміздің өтуін үш күн күттік. Күнде де, түнде де жүргіншілер тынбайды. Алыстан пойыздың дауысын естісек жүгіріп шығамыз. Пойыз үшінші күн дегенде түнде өтіпті. Әбден шаршаған болуым керек. Сол сәтте ұйықтап қалыппын. Ол кезде бәрі әкемді көру үшін жаппай поезға жүгіріп, мені ұмытып кеткен. Туған-туыстарымыз әкеммен қол алысып қалады. Сол сәтте әкем мені сұрапты. Менің ұйықтап жатқаным естеріне түсіп, біреуі мені әкелуге кеткенде, пойыз жүреді. Сонда әкем “Захираны жылатпаңдар” деп бірнеше мәрте айқайлаған екен. Оянсам әпкелерім мені құшақтап жылап отыр. Неге десем әкемнің айтқанына жылаған. Ол кезде 4-5 жасар кезім.

Әкемнің жолын қуып, 1951 жылы Ташкенттегі педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оқуымды аяқтап, елге оралдым. Өзім білім алған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып ұзақ жылдар бойы қызмет еттім, зейнетке шықтым.

Балалығымызды соғыс ұрлаған біздер қазіргі бейбіт өмірге шүкірлік етеміз. Ел тыныштығы бұзылмай, халқымыз аман, мәңгілік бейбітшілік болуын тілейміз.

Захира Аңламасқызы Бекмұрзаева