Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының дихандары жыл сайын астықты қамбаға молынан құйып, мол өнім алуда көш басында келеді. Әр жыл сайын облыс көлемінде өткізілетін күзгі жиын терім науқанында үздік көрсеткішке қол жеткізген ауыл еңбеккерлерін марапаттайтын «Алтын күз» мерекесінде алдыңғы орындардан көрініп жүр. Биылғы жылы да қазығұрттық дихандардың қанжығасы майлы көрінеді. Олай деуімізге себеп ауданының диқандары биыл 43 819 гектар алқапқа түрлі дақылдар еккен болатын.
Ал, былтыр 50 101 гектарға бидай, арпа егіліп, әр гектардан 22,1 центнерден, жалпы, 110 723,2 тонна астық жиналған болатын. Оның ішінде бидайдың әр гектарынан 22,3 центнерден, арпаның әр гектарынан 20,1 центнерден өнім алынды. Ал биылғы меже де жаман болмайтын сыңайлы. 43 819 гектарға егілген өнімнен мол түсім күтіп отыр. Жиын терім науқаны да әне міне аяқталуға жақын. Аудандағы ірі шаруашылық иелері яғни кәсіпкерлер биылғы меже ойдағыдай болмақ деп, алақан ысқылап отыр. Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Сапа-2022» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұқым шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық элиталы бидай, арпа, мақсары, жоңышқа тұқымдарын өндіріп, сатылымға шығарады. Алармандары да аз емес. Аз ғана тұқымнан мол өнім алуға болатындықтан «Сапаның» сапалы тұқымын аяғын жерге тигізбей қағып кететіндер көп. Заманауи талаптарға сай элиталық тұқым өндірісін алдағы уақытта ауқымын кеңейту жоспарларында бар. Ала көктемде кетпенін күнге сүйдіріп, егін еккен диханшылар енді сол еңбегінің жемісін көрмек.
Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана ауылдық округінің Махамбет ауылындағы «Қасымбек ата» өндірістік кооперативі 700 гектарға бидай, арпа еккен болатын. Жылда аталмыш аумақтан мол түсім алатын шаруашылық биылғы меже де ойдағыдай болады деп отыр. Дәл қазіргі уақытта егін орағын қарқынды жүргізуде. Гектар түсімділігі де жаман емес. 20 центнерден асып түсуде. Күзгі жиын терім жұмыстарына 3 комбайн, 2 «КамАЗ», 2 трактор жұмылдырылған. Дәл қазір егін орағының қызып тұрған шағы. Мизамшуақты пайдаланып, егінді тез арада жинап алу мақсаты тұр. Өйткен күхгі жауын шашын мезгілі басталып кетсе ала жаздай еңбек ысырап болуы мүмкін. Сондықтан да маусымдық жұмысқа ауыл адамдарын қосымша жұмыс күші ретінде пайдалануда. Оларға төленетін еңбекақылары да жоғары. Кооператив төрағасы Мырзабек Жүнісов дәл осы қарқыннан таймасақ аз ғана уақытта егін орағын аяқтаймыз деп отыр. Шаруашылық басшыларынан бөлек дәл қазір оншақты ауыл тұрғындары егіс даласында тер төгіп жүр. Сап сары егіс даласы жайқалып тұр. Биылғы көктем жаңбырлы болғандықтан егін де бітік шықты.
Шаруашылық төрағасы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге түрлі көмектер көрсетіліп келе жатқанына ризашылығын білдірді. Егер осылай қомақты қолдаулар болып тұрса ауылдық жерлерде кәсіпкерлер қатары арта түсер еді дейді. Тек бір ғана кәсіппен шектеліп қалмай алдағы уақытта өрістерін кеңейтуді жоспарлап жүр. Алдағы күндері ірі қара мал мен жылқы бордақылауды да көздеп отыр. Оған мүмкіншіліктері де жоғары. Ет бағытындағы мал өсіруді қолай көріп отыр. Оған арнайы дайындалған қора-жайлары да дайын. 30 гектар жоңышқа алқабы жайқалып тұр. 2000 тонналық үш қоймасы және бар. Егіс алқабынан қалатын жем шөбі қоса бар.
Бір біріне септесіп тұратын жүйелілік барда шаруашылық жұмысы шарықтай берері анық. Егіс даласында алып кемедей комбайндар жүзіп жүр. Қарқынынан таймаса егін орағын бітуге де таяу. Қамба астыққа толғалы тұр. Берекелі еңбек бәрін де жеңбек.