Д. Сатыбалды: Аудан, қала әкімдеріне қатаң шара қолданылады

45

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Кәсіпкерлік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды. Алайда кей аудандарда бұл мәселеге қатысты проблемалар әлі де бар. Осыны ескерген өңір басшысы ісіне жауапсыздық танытқан мамандарды сынға алып, олардан жұмысты игере алмаса орнын босатуды талап етті.

Облыста 9 индустриалды аймақ орналасқан. Ол 544 гектар алқапты алып жатыр. Онда 67 жоба жүзеге асқан. Қазір 40 гектар аймаққа инфрақұрылым жүйесін тарту жұмысы жүріп жатыр.

Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы: «Инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км,  кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана. Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып, сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілді».

Алайда индустиалды аймақтарда шешілмеген мәселе әлі де бар. Солардың бірі темір жолдың жайы. Мұны ескерген облыс басшысы, егер аудандарда мәселе тез арада шешілмесе, әкімдерге қатаң шара қолданылатынын айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудан, қала әкімдеріне бұдан былай қатаң шара қолданылады. Бұл мәселені бұған дейін де талқылаған болатынбыз.  Индустриалды аймақтардағы кемшіліктерді ретке келтіру, өндіріс орындарын ашу бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасалып, орындалу мерзімі белгіленсін. Ұсыныстар берілсін. Егер бұл тапсырма орындалмаса, басқарушы компанияның, аудан, қала әкімі немесе орынбасарларының қызметке сәйкестігін қараймыз. Нақты жұмыс керек».

Индустриалды аймақтағы жобалар құны 75,9 млрд. теңгені құрайды. Онда 3 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Қазір кәсіпкерлік нысандарын салуға барлық жағдай жасалып жатыр. Алайда мамандар қосымша қаражаттың керек екенін айтады.