Кентаудағы ЖЭО-ын қайта құру жұмысы жыл соңына дейін аяқталады

62

Кентаудағы жылуэлектр орталығында қазандықтарды қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Қазір бірінші кезең аяқталуға жақын. 14 мың абоненті бар нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқтала ма?

Кентау қаласында орналасқан №5 ЖЭО-ғында 8 қазандық жаңартудан өтіп жатыр. Оның төртеуі ағымдағы жөндеуге жатса, тағы төртеуін реконструкциялау қарастырылған. Ол үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Қайта құру жұмысын жыл соңына дейін бітіру көзделіп отыр.

Серік Семтиков, №5 ЖЭО директоры: «Қазір дэмонтаж жұмысы жүріп жатыр. 1 аптаға монтаждау жұмысы басталады. Қондырғылардың бәрі жеткізіледі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес №8,11 қазандықтар 1 қарашада біту керек. Қалғаны жыл соңына дейін біреміз. Қазіргі таңда №5,6,7,12 қазандықтар 80-85 пайызға дайын».

Қазір құрылыстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Сондықтан өңір басшысы Кентауға арнайы келіп, нысанның жылу маусымына дайындығын тексерді.

Айта кетейік, №5 ЖЭО-ғы 14 000- нан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар.