«ПКОП»: Төтенше жағдайларға дайындық тексерілді

42

Шымкентте «Жер-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС стратегиялық объектісінде де өтті. Шара барысында, басшы құрам мен қызметкерлердің жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдары пысықталды.

«Баршаның назарына» дабылын алған бойда мұнай өңдеу зауытының диспетчері «Гермес» жүйесі бойынша ұжымды хабардар етті. Зауыт басқармасындағы қызметкерлер дүрбелең тудырмай ұйымдасқан түрде жұмыс орындарын босатты.

«Жер-2023» оқу – жаттығу жоспары бойынша топ басшылары қызметкерлерді түгендеді. Нәтижесінде эвакуациядан кейін бір қызметкердің жұмыс орнында қалып қойғаны анықталды. Газдан құтқару жасағына жәбірленушіні тауып, дәрігерлердің қолына табыстау бұйрығы берілді. Қалған қызметкерлер құрама-эвакуациялық пунктте жиналды.

Мұхамеджан Аблаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС еңбекті қорғау, қауіпсіздік және экология департаментінің директоры: «Жер-2023» оқу-жаттығу жоспарына сәйкес «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауытында оқу-жаттығу өткізілді, барлығы  ойдағыдай, күрделіксіз өтті. Басшылық пен қызметкерлердің жер дүмпуі кезіндегі  іс-қимылы  шапшаң, сауатты болды. Жақсы өтті».

Орын алған дүмпулердің салдарынан электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алған. Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндіру қызметі кірісті.

Оқу-жаттығуға газдан құтқару жасағы, «Медикер-ПМ» ЖШС базасындағы медициналық пункт, өрт сөндіру бөлімі және қоғамдық тәртіпті қорғау штаттық құрамалары тартылды. Шартты жер сілкінісі кезіндегі басшы құрам мен қызметкерлердің іс-қимылдары оң бағаланды.