Полиция мәйіті подъезден табылған ер адамның өліміне не себеп болғанын айтты

197

Оқиға кеше, 12 қыркүйекте күндізгі уақытта болған. Полицияға көпқабатты үй подъезінде жергілікті тұрғын соққыға жығылғаны туралы куәгерлер хабарлаған.

Шақырту түскен мекенжайға тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметкерлері дереу жеткен. Алайда 35 жастағы азамат сол жерде қайтыс болған.

Polisia.kz  жазуынша, жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның бірге тұратын әйелінің бұрынғы сүйіктісі қызғаныш үстінде ұрып-соққанын анықтады. Қарсыласының есінен танып қалғанын байқаған ер адам дереу оқиға орнынан қашып кеткен. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің сырт келбеті мен жеке деректері көрсетілген бағдарды алып, оны шұғыл іздеуге кірісті.

Күдіктінің Түркістан облысы Ленгер қаласының тұрғыны екендігі және оның автокөлігінің жоқтығын білген жедел уәкіл бірден такси жүргізушілерінің тұрағына барған. Жүргізушілердің бірі іздеудегі ер адам ұқсас тұлға жаңа ғана Alphard-қа мініп кеткенін айтқан. Полиция қызметкері дереу оның ізіне түсіп, көлікті Тоғыс елдімекенінде тоқтатқан.

Ұсталған адам полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (Аайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, біз бұған дейін Темірлан тас жолы бойындағы көпқабатты үй подъезінен ер адамның мәйіті табылғаны туралы жаздық.