Қала басшысы Еңбекші ауданы тұрғындарының қордаланған мәселесін тыңдады

22

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің жергілікті тұрғындармен кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін шаһар басшысы Еңбекші ауданы халқымен жүздесті. Кездесуге жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Олар жол, құрылыс, тұрғын үй, жер мәселесін көтеріп, басшылықтан проблеманың ертерек шешілуін сұрады.

Шымкент қаласының әкімі дәстүр бойынша Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда аудан әкімінің баяндамасы тыңдалып, жергілікті халық өздерін толғандырған мәселесін шаһар басшысына жеткізді. Соның бірі – Оразәлі Маханов. Ол аумақта тазалық мәселесін тезірек шешу керектігін айтады.

Оразәлі Маханов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұрынғы ауыл. Қазіргі елді мекендерде тазалық мәселесін шешу керек. Үлкен де, кіші де қоқысын тастап кетіп жатыр. Үлкендер көлікте кетіп бара жатып, қоқысын лақтырып кетеді. Егер балалары сол қоқысын көшеде жинап жүргенін көрсе, сонда олар да ойланар еді»

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Тазалық жағынан бұрынғыдай балаларды қоқыс жинауға тарта алмаймыз. Себебі тазалыққа ақша бөлініп жатыр. Онымен айналысатын компаниялар бар. Олар заңды жолмен жұмыс істеп жатыр ма? Оны алда тексереміз»

Еңбекшілік тұрғындар жол мәселесі, түрғын үй, инфрақұрылым, жер бөлу проблемасына назар аударуды сұрайды. Олар инфрақұрылымдық жұмыстар жоспарсыз жасалып жатыр деп есептейді.

«Бірінші мәселе жол. Алдымыз қыс. Ертең жаңбыр жауса, жол суға толып, көліктер оның бәрін үстімізге шашып кетеді. Жұмысқа лас болып барамыз. Ал балалар солай сабаққа барады. Екінші мәселе жол жүргіншілер өткелін сұрадық, салды. Ол екі аялдамадан алыс. Оған балалар айналып жүрмейді. Соны ыңғайлы етіп берсе дейміз»

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл бәріне ортақ мәселе. Қаланың шет жағында мәселе көп екен. Ол жағын қарастырып, шешеміз алдағы уақытта»

Кездесуге 300-ден аса адам жиналды. Олар осындай жиындар арқылы шенеуніктер халық проблемасына құлақ түретінін айтады. Ал қала басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-талаптардың барлығын жазып алып, мәселені шешуді жауапты мамандарға жүктеді.