Қазақстанға қыдырып келіп, қауын артушы болып жұмыс істеген

58
фото Информ.кз

Өзбекстан Республикасының азаматтары жергілікті атқарушы орган немесе ішкі істер органдары берген тиісті рұқсаттарсыз Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. 2023 жылдың 4 қыркүйекте Отырар аудандық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен алты азаматқа қатысты әкімшілік ісі қаралды.

Сотта анықталғандай, Өзбекстан Республикасының алты азаматы 2023 жылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасы аумағына жеке мақсатта келіп, тиісті рұқсатты алмай, Түркістан облысы, Отырар ауданы, Көксарай ауылы, Кадиров көшесінің бойында қауын, яғни жүк артушы болып еңбек қызметін атқарған.
Сот отырысында шетелдің алты азаматы кінәсін мойындап, Қазақстан Республикасы аумағына жеке сапармен келіп, жүк артушы ретінде еңбек жасағанын, қазіргі уақытта құжаттарын заңдастыру жұмыстарын бастағанын жеткізген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысымен бекітілген «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының» 7-тармағының талабына сай Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жергілікті атқарушы орган немесе ішкі істер органдары берген тиісті рұқсаттарсыз Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруына жол берілмейтіні көрсетілген.
Сот қаулысымен әкімшілік құқықбұзушы алты азаматқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, оларға 60 375 (алпыс мың үш жүз жетпіс бес) теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.