Құжатсыз үй. Шымкентте алдымен баспанасын соғып, бірақ құжатын рәсімдемей тұрып жатқан азаматтарды тексеру жұмыстары жүргізілді. Жер заңына қайшы келетін мұндай нысандар, әсіресе Абай ауданы аумағында көптеп тіркелген дейді мамандар.
Алмас Қамбаров, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а: «Шымкентте 175 құрылыс нысаны бұзылды десем, оның көпшілігі Абай ауданындағы құрылыстар. Яғни, бұл жер учаскелер рәсімделмеген құрылыстар . Оның ішінде уақытша салынған халық арасында «времянка» деп аталады ғой. Сол құрылыстарға аса назар аударылды. Себебі азаматтардың көбіне ойлары құрылыс салып қойсақ, заңдастыруға мүмкіндік туады деп тұжырым жасайды. Бұл қате жұжырым деп ескерткім келеді».
Басқарма мамандары тексеру барысында құжат рәсімделмеген үйлердің көп анықталғанын айтады. Яғни, азаматтардың бірқатары үйді тек ауызша келісім арқылы сатып алған. Айта кететін жайт, үшінші мегаполисте өз бетінше иеленген жерге заңсыз салынған, тұруға жарамды және жарамсыз 2314 тұрғын үй анықталған. Оның жарамдысы – 1831, 483-і -жарамсыз ғимараттар.
Алмас Қамбаров, Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а: » Осы іс шара жоспары аясында бірқатар азаматтарға, жерді заңсыз сатқан азаматтарға да шара қолданған. Полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалған. Қазір қолдағы бар мәлімет бойынша 2 азаматқа ғана қолданған. Тергеу шаралары жүргізілуде. Тұрғындардың көбісі қолдан сатып алған, ауыз екі келісіммен алғандығы анықталып жатыр».
Заңбұзушылық анықталған үйлерге қатысты тиісті актілер түзіледі. ҚР Жер кодексінің 92-94 баптарына сәйкес игерілмеген және бастапқы мақсаты бойынша пайдаланбаған қала аумағындағы 63 жер учаскесі анықталған. Салаға жауаптылар аталған жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтады.