Қытаймен екі жақты келіссөз жүргізу басты назарға алынды

35

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны қабылдап, бірлескен жобаларды талқылады. Бұл басқосу Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы қарсаңында өтті. Өңір басшысы қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бүгінде Түркістан облысындағы шетелдік инвесторлардың бірі Қытай Халық Республикасының өкілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының Қытаймен тауар айналымы – 135 млн АҚШ доллар. Яғни, экспорт – 84 млн.долл., импорт – 51 млн. долларды құрады. Облыс әкімі жиын барысында кез келген инвестор үшін Түркістанның ауа-райы қолайлы екенін жеткізіп, екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға атсалысатынын айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімі: «Біздің аймақ ең еңбекқор болып есептелінеді. Халық тығыз орналасқан, тұрғындар ауыл  шаруашылығымен айналысады. Сол себептен де қандай өндіріс ашамын деп жоспарлайтын болсаңыздар, бұл жер  өте қолайлы аймақ болып есептелінеді. Әлеуеті өте жоғары. Ауа-райынан да жаз, күз, қыс, көктемінде жұмыс істей беруге болады. Мынау жобаларды айтатын болсақ, біздің өңірде Қытай мемлекетімен үлкен үлкен жобаларымыз бар. Үлкен химиялық кешеннің құрылысын бастадық. Созақта газ жер астынан шығару, өңдеу бойынша жобаларға келісімге келіп отырмыз».

Қытайдың Шаньдун провинциясынан келген делегация өңірдің инвестициялық перспективасын атап, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екенін айтты. Қазіргі уақытта Түркістан облысы азаматтарының 70 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан бұл аймақта малдың қалдықтарын өңдеу саласын дамыту жайлы сөз болды.

Жанг Гуаншен, ҚХР Ляочин қаласының мэрі: «Ляочиннің бастапқы кезеңдегі текстиль жобалары, текстиль жүйесіндегі өнеркәсіп, 60 жылдан басталған. Ал қазіргі дейін 50 жылдың ішінде дамып, 1 күнде 4 млн. орам жіп өндіретін дәрежеге жеттік. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Осы кезге дейін біз кәсіперлік басқармасы арқылы біліп отырмыз. Түркістан облысы қазірге дейін Қазақстан бойынша мақта егу көлемі бойынша ең үлкен жердің бірі екен. Сондықтан да болашақта екі қала арасында бірігіп осы текстиль және мақта өндіру жағынан нәтиже шығатынына сенімдімін».

Екі жақты келіссөздер арқылы өңірде жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосуға болады. Жобаларды жүзеге асыруға арналған арнайы экономикалық аймақ бар. Айта кетейік, өңірге 2027 жылға дейін 300-ден астам жобаны жүзеге асыруға 6,7 млрд. АҚШ доллар көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған.