Қызылордада бөлшек саудадағы ұн бағасы айтарлықтай өсті. Облысқа астық басқа аймақтардан әкелінеді.
«Жеткізілген астық біздің облыста өндірілмейді және бұл бидайдың жекелеген сорттарын өсіруге қолайлы емес табиғи-климаттық жағдайға байланысты», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
«Қызылорда облысына ұн Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан әкелінеді. Өкінішке қарай, қыркүйектің екінші онкүндігінде өңірдегі көтерме саудагерлер бір қабы 8,5 мың теңгеден немесе бір келісі 170 теңгеден сатылып келген I сұрыпты ұнды сәйкесінше 11,5 мың немесе 230 теңгеден сата бастады. Ұн бағасы 35,2 процентке қымбаттады».
Ал Қызылордаға ұн жөнелтетін басқа облыстардағы кәсіпорындар алдағы уақытта ең көп тұтынылатын I сұрыпты ұнды келісін 230 теңгеден жеткізуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат бар.
«Бірінші сұрыпты бидай ұны мен әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру үшін облыс Қостанай облысының «Қазақ ұны» ЖШС-мен 4 760 тонна ұнға келісім-шарт жасасқан. Келісімшарт бойынша ұн бағасы бір келісі үшін 128 теңгені құрайды», — деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Бүгінгі таңда оның 1 379 тоннасы аймаққа әкелініп, наубайханаларға таратылды. Тұрақтандыру қорына тағы 3 381 тонна ұн жеткізіледі де, бұл облыста біршама уақыт әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.